Ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда теміржол саласында еңбегімен танылып, әлеуметтің құрметіне бөленген сала қызметкерлері жеткілікті. Олардың кейбірі атағынан ат үркетіндей дәрежеге көтерілсе, тағы бірі бөлімше мен мекеме басшылығының құрмет, қошеметіне бөленіп, қарапайым тіршілік кешкен сала еңбеккерлері. Сондай майталман теміржолшының бірі Рақымжан Қартабаев.
Майталман деп айтуымыздың себебі теміржол саласында жұмыс істеуге ұмтылған үміткерде мінез, қиындыққа қаймықпайтын қайсарлық пен жігер болу керек. Міне, көп жыл темір жолда еңбек еткен Рақымжан қарияның тәлім-тәрбиесін көріп, ширақ болып өскен балалары Рахматулла, Қыдырбек, Нағыметулла мен Шырынгүл аймақ темір жолында жұмыс істеді. Қарапайым теміржол тіршілігінің қыр-сырын терең меңгеріп, әріптестерінің үлгі алар ұстазы бола білген Рақымжан Қартабаевтың суреті осы күнге дейін жолшылардың құрмет тақтасында сақтаулы тұр.
Рақымжан қария алғашында, Қызылорда жол дистанциясында кейіннен Қазалы жол дистанциясының Қызылтам станциясындағы телімде жол шебері болып барлық саналы ғұмырын станциядағы қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуына арнады. Дистанция басшылығы жол шеберінің ерен еңбегін жоғары бағалап, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, насихаттау мақсатында Рақымжан қарияның суретін құрмет тақтасына қойған. Бұл тәжірибелі теміржолшы еңбегінің жоғары бағалануы болса керек.
Рақымжан қария өткен жылы келместің кемесіне мініп, өмірден озды. Дегенмен, қарияның ұрпақтары ата салған даңғыл жолды жалғастырып, аймақ теміржолы саласында еңбек етіп келеді.
– Станциядағы теміржол жұмысының жемісті жүргізілуіне үлес қосқан Рақымжан ақсақал, отбасының тірегі, елдің ағасы бола білген тұлға. Әулеттегі іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысатын, ақыл айтып жөн сілтер қамқор бола білген ақсақалдың ізін жалғастырар ұрпақтары аймақ темір жолында күні бүгінге дейін еңбек етіп келеді. Демек, Рақымжан ақсақалдың ізі өшкен жоқ, қайта жалғасын тауып өркендеп келеді, – дейді Қызылорда қосалқы бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Өмірзақұлы.
Сабырхан Сейілбекұлы