Теміржолшылардың балаларына қолдау көрсетілуде

Баланың қуанышын бәрінен жоғары қоятын Қызылорда теміржолшылары, оның ішінде салалық мекемелердің кәсіподақ ұйымы оқу жылы жақындағаннан қызу қарбалас үстінде жүр. Олар биыл қанша балаға берілетін мектеп сөмкесін дайындау керек, ішін қалай оқу құралдарымен толтырамыз, оны қалай тапсырған абзал дегендей сан-сауалмен оқушылардың өз ата-аналарындай үлкен жауапкершілік арқалауда.

Дегенмен сырбойылық теміржолшылар баланың көңілінен шығу үшін оларды әрдайым алақанға салып аялап, мектепке қажетті оқу құралдары толы сөмкені әзірлеп тас-түйін дайындалып, тіпті кей мекемелерде балаларға арналған мектеп сөмкелері балаларын жетектеген ата-аналардың, қолдарына табыстауды бастап кетті. Батырхан Базарбаев басқаратын Қызылорда ЖТ бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы, кадр бөлімі мамандары мен “Аманат” партиясы атынан 12 балаға мектеп сөмкесі беріліп, қолдау көрсетілді.

Қызылорда ЖТ бөлімшесі бастығының орынбасары Бекжан Өтеулиев, кадр бөлімі басшысы Орынкүл Нұрмашқызы, “Қазкөліккәсіп” ҚБ филиалы төрағасы Бауыржан Ахметовтер оқу құралдары толған мектеп сөмкесін тапсырып, білім нәрімен сусындап, өмір бойы серігің болатын білімнің ошағы мектептен басталатынын білдірді. Арман толы сөмкелерді иыққа асынған әрбір баланың арқалағаны білім, талғамы биік, тәрбиелі азамат болуына тілеулес екендіктерін жеткізді.

– Биыл Аманат партиясы атынан мектеп сөмкесі 12 балаға берілді, олар бөлімшенің кәсіподақ ұйымы қаржысымен оқу-құралдары сатып алынып толтырылды. Сөмкелер биыл мектептің бірінші сыныбына баратын, 3-4-5 санаттағы станцияларда жұмыс істейтін көп балалы теміржолшылардың балаларына берілді. Мұнан бөлек компаниядан теміржолшылардың балаларын мектепке дайындық кезеңінде әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында қаржылай көмек көрсетілді, – деді кадр бөлімінің басшысы Орынкүл Нұрмашқызы.

Сонымен қатар, Қызылорда ЖТ бөлімшесіне қарасты локомотив және вагон пайдалану деполарында жұмыс істейтін теміржолшылардың балаларын қолдау, оларды қуанту, білімге құштарлығын арттыру, отбасылық игілікті жоғары бағалап қадір тұту мақсатында 1 қыркүйекке байланысты 108 қызметкердің 395 баласына, Отбасы күніне орай 156 теміржолшының 2879 баласына қаржылай көмек беріліпті. Бұл аймақтағы бір ғана бөлімшеде болып жатқан шаралар, игілікті шара магистралді желі бөлімшесінің салалас мекемелерінде де жалғасуда.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,Қызылорда

Суретті түсірген автор