Маңғыстауда Тәуелсіздіктің отыз жылдығына арналған теміржолшылар арасындағы спорттық жарыс жалғасуда. Кәсіподақтың бастамасымен болып жатқан аталған сайыста бұл жолы түбек теміржолшылары үстел теннисінен бақ сынасты.
Үстел теннисі бәсекесіне Маңғыстау қосалқы бөлімшесінің басшысы Нәжімеден Ғұбашов бастаған 14 адам қатысты. Ойынды бөлімше басшысымен Маңғыстау магист- ральдық желі бөлімшесінің инженер-технологы Мұрат Құдайбергенов бастады.
– Кәсіподақ пен басшылықтың қолдау көрсетуінің арқасында Маңғыстау теміржолшылары қашанда спортқа жақын. «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаса керек. Спорттың кім-кімге де пайдасы орасан. Спорттық жарыстар жыл соңына дейін жалғасады, – дейді спорт нұсқаушысы Нұрайна Қыдырова.
Сайыс қорытындысы бойынша Мұрат Құдайбергенов бірінші, қосалқы бөлімшенің техникалық бөлімі басшысы Ернар Айдарханов екінші, «Қазтеміртранс» Атырау филиалының Маңғыстау вагон паркін сақтау бойынша жол инспекторы Салтанат Иманғалиева үшінші орынды иеленді. Мерейі үстем болған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шахида ЖҰМАН