Вы сейчас просматриваете ТІЛСІЗ ЖАУМЕН КҮРЕСТЕ ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ҮЛЕСІ ЗОР!

ТІЛСІЗ ЖАУМЕН КҮРЕСТЕ ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ҮЛЕСІ ЗОР!

Қостанай облысындағы алапат өртті сөндіруге атсалысқандар қатарында теміржолшылардың да үлкен тобы болды. Елді мекендеріне оралған оларды халық нағыз батырлардай қошемет-құрметпен қарсы алды.

Енді ше?! Тілсіз жаудың қоршауында қалған Қостанай облысының ну орманы мен Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарын өрттен құтқару нағыз жан алып, жан берген арпалыс болғаны рас. Өртті сөндіруге еліміз бойынша 224 техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2193 адам жұмылдырылған. Тілсіз жауды құрықтауға теміржолдан Құсмұрын, Тобыл, Есіл, Қостанай, Атбасар станцияларының өрт сөндіру пойыздары жөнелтілді. Ал Жаңа-Есіл
станциясының өрт сөндіру пойызы резервте тұрды. Пойыздар 1997 текше метр сумен жабдықталып, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеді.Одан бөлек 250 теміржолшы тілсіз жаумен күреске қатысты. Бүгінде өрт салдарынан 23 теміржолшы отбасы
жапа шеккені мәлім болып отыр. Қостанайлықтардың басына төнген қиын-қыстау кезеңді қазақстандықтар бірге бөлісіп, көмек қолын созуда.
Өрттен зардап шеккендерге көмек беруге арналған бірыңғай қоғамдық қор құрылды. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде қорда жиналған ақша мөлшері 490 млн теңгеден асып отыр. «Қайырымдылық KZ» қорының өкілі Батырбек Ахметовтің айтуынша, арнайы комиссия тұрғындардың шығынын есептеп, сол деректерге сәйкес зардап шеккендерге көмек беріледі екен. Артылған ақшаға ауданды көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.
Өрт болған өңірге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барып, зардап шеккен тұрғындарға Үкімет екі айда бұрынғыдан да жақсы үй салып беретінін айтқан болатын. Ізгілікті іс жасаудан «ҚТЖ» компаниясы да құр қалмақ емес. Өрттен зардап
шеккендерге «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Компания қызметкерлері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа сәйкес белгілі бір мөлшерде жәрдемақы беріледі.– Қазір біз өрт салдарынан зардап шеккендердің шығындарына қатысты қорытынды есеп-қисапты күтіп отырмыз. Соның нәтижесі бойынша атқарушы комитет отырысы өтеді. Оған ел аймақтарындағы кәсіподақ жетекшілері түгел қатысып, қай аймақ қанша көмек бере алатынын айтады. Арнайы қор құрылып, қаражат сонда жиналатын болады. Қостанай өңіріндегі кәсіподақ ұйымының өкілдерінен құралған комиссия сол қаражатты орын-орнымен үлестіріп жұмсауды басқаратын болады. Ал ол комиссияға Кәсіподақтың Орталық кеңесінің басшылығы жетекшілік етеді. Яғни біз жиналған ақшаның зардап шеккендердің тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге ашық-айқын бөлінгенін қадағалайтын боламыз. Бұдан бөлек, Ұжымдық шарт шеңберінде жәрдемақы беріледі, – деп атап
өтті «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов.

Подробнее

Сұлугүл БАКЕСОВА,
Нұр-Сұлтан

Сурет «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз
қызметінен алынды.