Семей ЖТ бөлімшесі мен салалық кәсіподақ ұйымының басшылары ардагер теміржолшы Жазид Машрабты торқалы 90 жасымен құттықтады.
Жазид Машрабұлы – ұзақ жылдар бойы теміржолдың білім беру саласында еңбек етіп, Ауыл мен Ақтоғай станциялары аралығындағы мектептерде оқу-тәрбие жұмыстарын ширатуға қатысты көп жұмыс атқарған жан. Сонымен қатар, теміржолшылар балаларын оқытуда тың әдістемелік-тәсілдер қолдану бойынша салалық білім ошақтарында түрлі іс-шаралар ұйымдастырған білікті ұстаз.
Жазид ақсақал – Семейдегі Алашорда ұйымының қызметі туралы сериялы кітап жазған өлкетанушы қария. Әкесі Түрксіб құрылысының ардагері Машраб Баяділұлы кезінде Алашорда ұйымына мүше болған көрінеді.
Қарияны 90 жасымен құттықтаған кәсіподақ ұйымының басшылары ардагердің кеудесіне елордадан жеткен марапатты – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін салтанатты түрде тақты. Өмірден көргені мен түйгені мол шежіре қартқа мықты денсаулық пен қажымас қайрат тіледі. Қария барша теміржолшылар қауымына алғысын білдіріп, «менің жасыма жетіңдер» деп батасын берді.
Қуаныш Қожаев, Семей
Суретті түсірген автор