Биыл 16-20 қараша аралығында Алматы-Түркістан-Ташкент бағытында «Жібек жолы» алғашқы туристік пойыз жолға шыққан болатын. Осы пойызбен «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының 10 қызметкері «Қазкөліккәсіп» ҚБ қолдауымен саяхаттап қайтты.
Кәсіподақ төрайымының айтуынша, бұл сапарға осы филиал құрылғалы бері еңбек етіп келе жатқан, 30 жылдан астам тәжірибесі бар теміржолшылар, жолсеріктер іріктеліп алынған. Құрылған кезде филиалда 180 адам ғана еңбек етсе, қазір 1800-дей қызметкер бар, соның 1750-і – кәсіподақ мүшелері. Сапардан оралған филиал қызметкерлері саяхаттың жоғары деңгейде өткенін жарыса жеткізді.
– Алматыдан 16 қарашада аттанған 5 вагоны бар пойыз 17 қарашада Түркістанға жетіп, Әзірет Сұлтан кешеніне тәу етіп, Керуен Сарайды аралап, Арыстан баб кесенесі мен ескі Отырар қаласының орнын көріп, кешке дейін қыдырған. Кешкі астан кейін Ташкентке аттанады. Өзбекстан астанасының көрнекі орындарын арнайы автобус және гидпен аралап, екі күн бойы тарихи шаһарда қыдырған. Күніне үш мезгіл тамақ, автобус пен гид және Ташкентте қонақ үй, жалпы бағдар бойынша барлық қызмет билет құнына кіреді. Ал бұл саяхаттың құны 124 мың 108 теңге болған еді. 10 адамның әрқайсысына осы ақшаны кәсіподақ төлеп берді, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының кәсіподақ комитетінің төрайымы Эльмира Егембердиева.
Кәсіподақ өкілінің айтуынша, Жаңа жылдағы демалыста, яғни 2025 жылдың 2-6 қаңтар аралығында туристік пойыз тағы да жолға шығады. Бұл жолы бағдарға Өзбекстанның Самарқанд қаласы да қосылады екен.
– Биыл зейнетке шығатындығыма байланысты маған тамаша сыйлық жасап, «Жібек жолы» туристік пойызымен бес күндік саяхатқа жіберген «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігіне алғысымды білдіремін. Еліміздің тарихи қасиетті жерлерін аралауды нәсіп етті, сапардан кереметтей әсер алдым, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалы Тальго жүрдек пойызының Астана телімі бойынша жолсерігі Рауза Ғабдуллина.
Райхан Рахметова