Елордада тұңғыш рет теміржолшылар арасында футболдан «Astana» UFL турнирі өтуде. Қаңтар айының соңынан наурыздың ортасына дейін жалғасатын бірінші турнирге теміржолшылардың 6 командасы қатысуда
Турнирдің алғашқы күні «Нұрлы жол» станциясы мен вокзал кешені, Астана жол дистанциясы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Жол диагностикалау орталығы, «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалы, Астана вокзал шаруашылығы департаменті және «Қамқор Локомотив» ЖШС мекемелерінен қатысқан командалар арасында тартысты ойын болды. «Нұрлы жол» вокзал кешенінің командасы ЛВЧДР-9 командасын 5:3 есебімен жеңді. Команда капитаны – вокзал кешенінің техникалық бөлім бастығы Самат Құдайберген. Жалпы теміржолшылар арасында футболдан UFL турнир лигасын Астана жол дистанциясының жол монтері Әсет Абакаев бастама көтеріп, тораптық мекемелер қызметкерлері
арасында байланысты нығайту, әрі спортты насихаттау мақсатында бір ай бұрын ашқан.
– Бастапқыда12 команда қатысуға ұсыныс білдірді. Алайда олардың жартысы әлі жарнасын төлеген жоқ. Сондықтан әзірге алты команда шықты.
Аталған лиганың әлеуметтік желілерде аккаунты ашылып, жұмысын бастады. Бастаманы теміржолшылар қызу қолдады. Турнир аяқталғанға дейін басқа да теміржолшылар командалары келіп қатыса алады. Олар әр жексенбі сайын елордадағы Еуразия ұлттық университетінің спортзалында бас қосып, аяқдоптан бабы мен бағын сынайды. Әр командаға қатысу жарнасы – 155 мың теңге. Бұл апта сайын спортзалды 20 мыңға жалдауға, турнир жеңімпаздарын марапаттауға кубоктар мен дипломдар, сыйлықтар алуға және футбол төрешілері қызметіне кетеді, – дейді Ә.Абакаев.
Жарыс бірнеше кезеңнен тұрады. Қорытындысы наурыз айында шығарылып, жеңімпаздар Кубокпен және диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Ұлан ОРАЗ