Вагон қараушы үлкен қауіптің алдын алды

Маңғыстау станциясындағы техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушысы жергілікті жүк тиеліп, шетелге кеткелі тұрған вагоннан ақау тауып, үлкен қауіптің алдын алды.
Тәжірибелі вагон қараушы Исатай Жаңабаев Ақтау порты станциясында өз міндетін атқарып жүріп №52137270 вагонының қос доңғалақ жұбынан қауіпті ақауды анықтаған. Айтуынша, бұл тек беткі қабатта көрінетіндей ақау емес. Доңғалақ жұбының ішкі жағы, лабиринт қуысы орнынан жылжып, шығып кетуге шақ қалған. Подшипниктері толықтай босап, жүруге жарамсыз халде болған.
– 9 ақпан түнгі ауысымдағы жұмыста жүргенбіз. Жүк тиеуге он бес шақты вагон сұратып, дайындалып жатқан. Оған селитра, азот тиеліп, Ресейге жіберілуі керек болатын. Вагондар Ақтау портының басында бірінші жолда тұрған. Соларды қарап, тексеріп келе жатып, осы вагонға жеткенде оң жақ дөңгелегінде бір нәрсе дұрыс еместігін байқадым. Қарасам осындай жағдай. Бұл жолға шығуға қауіпті, жүруге болмайтындай ақау болатын. Дереу қажетті адамдарға хабарланып, вагон ағытылып, әрі қарай тиісті шаралар атқарылды, – дейді Исатай Жаңабаев.
Білуімізше, бұл вагон қараушы анықтаған алғашқы ақау емес, өткен айда вагонның автотіркегішінің мойнында сынып кету қаупі жоғары жарықты тауып және сол еңбегі үшін мекеме тарапынан марапатталып, сыйақы алған.
Саладағы еңбек жолын 2006 жылы Бейнеудегі вагондарға қызмет көрсету пунктінде бастаған ол 4-5 жылдан кейін Маңғыстауға қоныс аударып, жұмысын осы жердегі техникалық пунктте жалғастырып келеді. 18 жыл тәжірибесі бар вагон қараушы депоның бетке ұстар жұмысшысы, мақтанышы десек жарасады. Басшылық өз міндетіне қырағылық танытқан вагон қараушыны қозғалыс қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін марапатқа ұсынбақ.
Шахида Жұман