Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласындағы темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Тәулігіне 27-28 пойыз қабылдап-жөнелтілуге қауқарлы вокзалдың түрлі қызметін бүгінгі таңда орта есеппен 6 мың жолаушы пайдаланады.
1968 жылы салынған ғимараттың жалпы алаңы әу баста 1 770 шаршы метрді құраған. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 2 мыңнан 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ жолаушыларды күту залының аумағы да 898 шаршы метрден 1 982 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету көзделген бұл нысан «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан сенімгерлік басқаруға берілгені белгілі. Десек те, Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының вокзал шаруашылығы бөліміне қарайтын 21 маман аталған нысанда еңбек етіп, көпшілікке қызмет көрсетуде.
Бүгінде Ерғали Мырзахмет жетекшілік ететін ұжым қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жолаушылардың пойызға мініп-түсу кезіндегі тәртіп пен талаптың сақталуын қадағалайды.
– Біздің қызметкерлеріміз мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арнайы арбамен пойызға мініп-түсуіне көмектеседі. Оған қоса пойыздардың келіп-кету уақытын хабарлап, анықтама қызметін, билеттің бар-жоғын айтып отырады. Қажет болған жағдайда мұндай ақпараттар жазбаша түрде де ұсынылады, – дейді вокзал бастығы Ерғали Меңлібекұлы.
Айта кетейік, вокзал ғимаратында бірнеше билет кассасы мен 2 жүк сақтау қоймасы, асхана мен анықтама бөлімі, желілік ішкі істер бөлімінің кеңсесі, медициналық пункт пен ана мен бала және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бөлме бар. Оған қоса, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы мен екінші қабатта фудкорт орналасқан. Ал вокзал ғимараты мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден жасалған және металл кассеталармен қапталған. Ең бастысы, вокзал – қаланың кіреберіс қақпасы болғандықтан, әсем безендірілген ғимарат қасбетінің қақ ортасына Шымкент шаһарының логотипі саналатын қызыл қызғалдақ бейнеленген.
Нұрлыбек Досыбай