ВОЛЕЙБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ!

Ақтөбеде Тәуелсіздік мерекесіне орай теміржолшылар арасында волейболдан турнир өтті.

Спорттық додаға жеті команда қатысты. Олардың қатарында ардагер теміржолшылар да бар. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын теміржолшылардан құралған жеті команда жүлделі орындарға таласып, ептілік пен ерік-күш, шеберлік сынға түскен тартысты ойын үлгісін көрсетті.
Дегенмен, кәсіби спортшылардай шебер өнер көрсеткен әскерилендірілген теміржол күзетінің жігіттерінен құралған командаға жететін ешкім болмады. Үздік ойын көрсеткен теміржолшы-әскерилер жүлделі бірінші орынға ие болса, ШЧ-5 және НЖС-11командалары екінші-үшінші орындарға жайғасты.
«Спорттық шара мерекеге өзгеше реңк бергендей, бәрі көңіл көтеріп, жігіттер бір желпініп қалды. Бүгінгі сәтті пайдаланып, өмірінің ширек ғасырын темір жолға арнаған Амангелді ақсақалды 70 жас мерейтойымен құттықтадық», – дейді аймақтық спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырхан.

Биыл Ақтөбе өңірінде спорттық шаралар аз өткен жоқ. Екі жыл карантиннен кейін салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған шараларда теміржолшылар әдеттегіден де белсенді болды. ҚТЖ-ның 25 жылдығы мен Сала кәсіподағының 30 жылдығына арналған KAZPROFTRANS футбол лигасының аймақтық турнирі, үстел теннисінен біріншілік, волейбол және шахмат байқаулары өтті.


Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе
Суретті түсірген автор