Ресейдің Орынбор қаласында XVIII Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.
Оған екі елдің Үкімет мүшелері мен шекаралас облыстардың басшылары қатысып, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, кәсіпкерлік байланысты арттырумен қатар екі елдің транзиттік әлеуетін еселеп арттыру жолдарын талқылады. Екіжақты келіссөздер барысында көлік-логистика саласындағы кедергілерді жою жайы айтылды. Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер шекара бекеттерін жаңғырту, темір жол байланысын дамыту мәселелерін облыс деңгейінде шешу қиын екендігін жеткізіп, соған қарамастан бұл сұрақтар да жуық арада шешімін табатынына сенім білдірді. Биыл Қазақстан арқылы өтетін Қытай мен Ресей арасындағы жүк тасымалы 4 есеге артқан. Екіжақты келісімдер нәтижесінде 29 кедендік өткізу бекетіне жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, «Қорғас» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін арттыру көзделіп отыр. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитет төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 18 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға көп. Көрші елге шығатын экспорт көлемі 15 пайызға өскен. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі арттыруға екі жақ та мүдделі. Қазақстанның жалпы құны 1 миллиард доллар болатын 180 түрлі тауар түрін сату мүмкіндігі бар.
Ұлан ОРАЗ