Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі басшылығы мен кәсіподақ ұйымы саналы ғұмырын теміржолдың өсіп-өркендеуіне арнаған қос бірдей теміржолшыны зейнеткерлікке шығарып салды.
Теміржолшыны зейнетке құрметтеп шығарып салу арқылы оның талай жылғы еңбегіне алғыс айту, тұлғасына құрмет көрсету қызылордалықтар арасында қалыптасқан дәстүр деуге болады. Рас, кейде теміржолшының еңбегі ұзақ жылдар ескерусіз, елеусіз қалып қоюы, тосын жағдайлар әсерінен уақыттың мұрша бермеуі мүмкін, алайда зейнетке шығар алдындағы құрмет ештеңені де ескерусіз қалдырмайды. Бұл теміржолшының еңбегіне есеп, абырой-беделінің өлшемі десек жарасады. Саланың сан түрлі сатысынан өтіп, бірнеше теміржолшы-шәкірт тәрбиелеп өсірген ұлағатты ұстаздар Ібраким Бабақ пен Григорий Тетченко да сондай бағалауға лайық теміржолшылар. Григорий Тетченко қырық жылдан астам электромонтер болса, Ібраким Бабақ жол шаруашылығында еңбек жолын бастап, аймақтың солтүстігіндегі Қазалы жол дистанциясының өркендеуіне үлес қосқан азамат. Бірнеше жыл дистанцияның басшысы болды. Қос ардагер өздеріне көрсетілген құрметке алғыс айтып, сала жұмысының алға басуына тілектес екендерін білдірді.
– Зейнеткерлерге ұлттық нақыштағы шапан жауып, адресат әзірлеп, бағалы естелік сыйлықтар беріп, қимай шығарып салдық. Олар саладағы талай қиын-қыстау кезеңдерде кәсіпке деген адалдықтарын сақтап, маңдай терін төгіп жұмыс жасаған теміржолшылар санатында, сондықтан олардың еңбегіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, алдағы күндерде тек бейнеттің зейнетін көрсін, – дейді НЖС бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрайымы Ажар Ерманова.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қазалы