Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай Наурыз мерекесі қарсаңында жамбылдық теміржолшылар арасында дартстан және шахматтан жарыс болып өтті.
Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ комитеті ұйымдастырған және демеушілік жасаған жарыс қызықты және тартысты өтті.
Әсіресе теміржолшы қыз-келіншектердің мергендігі сыналған бәсеке өте шиеленісті өрбіді. Жеке шеберлік сынға түсетін жарыста төрешілерді «ШЧ-36» спортшыларының командалық дайындығы таңғалдырмай қалған жоқ. Жүлделі үш орын да осы команданың еншісіне тигені сөзіміздің дәлелі болса керек.
Атап айтсақ, 1-орынды Ақбота Ембергенова жеңіп алса, 2-орын Айшабибі Байболова иеленді. Үздік үштікті Алтын Ташенова түйіндеді.
Ал шаршы тақта алдындағы жарыстың басты жүлдесі ЭЧ-21 электрмен жабдықтау дистанциясының өндірістік оқыту шебері Марат Құлбаевқа бұйырды.
Ойшылдар ойынының финалына дейін жеткен ЭЧ-23 мекемесінің аға энергодиспетчері Жарас Тұрарбеков 2-орынды еншіледі. Ал ардагер теміржолшы Жасұзақ Алтыбаев 3-орынды олжалап, үздіктер қатарынан көрінді.
Наурыз мерекесінің бастауы болған спорттық бәсекеге белсеніп келіп жүлденің алдын бермегендерден бөлек барша қатысушыларға сый-сияпат жасалды.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, Жамбыл
Суреттерді түсірген автор