Жаңа келісімшарт бойынша жұмысшылар енді барлық құқыққа ие болады

Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек қатынастарын реттеуде кәсіподақтың алар орны ерекше. Ол жұмысшы мүддесін қорғайтын ұйым болғандықтан, жұмыс беруші тарапынан қай жерде кемшілік барына мониторинг жасап отырады.
Мысалы, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім-шартты алайық. Мұндай келісім-шарт бойынша жұмысшы науқандық жұмыстар немесе уақытша, мерзімдік жұмыс түрлерін атқаруға құқылы.
– Алайда тұрақты жұмыс жасайтындарға ол қолданбауы тиіс. Мәселен, локомотив деполарындағы машинистердің демалыс бөлмелеріне қызмет көрсететін персоналдар азаматтық-құқықтық негіздегі келісім-шарт бойынша жұмыс жасап келген. Онда жұмысшыға еңбекке жарамсыздық бойынша ақы төленбейді, еңбек демалысы болмайды, т.б. шектеулер бар. Кәсіподақ ұйымы оны қате деп санап, тиісті шара алу жөнінде өз ұсынысымызды айттық. Соған орай, ҚТЖ-Жүк тасымалы ЖШС жабдықтау департаментінің директоры Т.Мырзабековтың телефонограммасына сәйкес демалыс орнына қызмет көрсететін персоналдың лауазымы, жұмыс режимі және жалақысының көлемі белгіленіп, комиссия бойынша жаңа келісім-шарт жасауға тапсырма берілді, – дейді «Қазпрофтранс» ҚБ Атырау өкілдігінің төрағасы Боранбай Хамиев.
Жаңа келісімшарт бойынша жұмысшылар енді барлық құқықтарға ие болады. Сонымен қатар, мемлекеттік мереке күндері де лауазымды тұлғаларды, мекеме басшыларын ешқандай ақы төлемінсіз кезекшілікке тұрғызу орын алып келеді. «Бұл да заңға қайшы. Кезекшілікке тұру да жұмыс, сондықтан ол 12 сағатқа ақы төленуі тиіс. Біз бұл мәселені де ескерусіз қалдырмаймыз, күн тәртібіне қойып отырмыз» дейді кәсіподақ ұйымы төрағасы. Екі жағдайда да жұмыс беруші тарапынан олқылық кетіп отырғаны анық, сондықтан кәсіподақ ұйымының мұндай мәселелерді назардан тыс қалдырмауы құптарлық жайт.

Қосұйым Мұқашев