Өткен жылы Компания бойынша жастар арасында өткен КВН лигасында чемпион атанған Батыс аймақтық филиалы жастарының жаңа жылға жоспары көп.
«ҚТЖ-ЖТ» Батыс аймақтық филиалының басшысы Бөріхан Беркімбаев жастарды арнайы қабылдап, жетістіктерімен құттықтады, алдағы жоспарларымен танысты. Жастар жаңа жылда қайырымдылық шараларды көбейтіп, жастар белсенділігін арттырумен шектелмей, теміржолшылар арасында ғана емес, қоғам өміріне белсене араласып, қалалық, облыстық, тіпті халықаралық жобаларға қатысуды көздейді.
«Жыл соңында Астанада өткен ХІІ республикалық жастар форумына қатысып, үлкен жетістікпен оралдық. Мотивация алдық. КВН лигасында чемпиондыққа қол жеткізу біз үшін үлкен мәртебе болды. Компания кадр әлеуетін дамыту үшін көптеген жобалар ұсынып келеді. Кешегі форумда жастардың кәсіби дамуына, саланы прогресшіл жасампаз жастармен толығуына, шығармашылықпен ойлай алатын жетекшілер дайындауға мүмкіндік мол екенін көрдік. Жалпы, өткен жыл біз үшін сәтті өтті. Ресейдегі ХV жастар слетіне қатыстық. Екі ел арасында сәйкестіктер көп. Шарада Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Абхазия, Армения, Тәжікстан, Куба елінің жастарымен таныстық. Алдағы уақытта да осындай халықаралық іс-шараларға көбірек қатысып, шығармашылық байланысымызды нығайтсақ деген жоспарымыз бар, – дейді Аймақтық пойыздарды басқару орталығының инженер технологы, форумда «Үздік аймақ өкілі» атанған Дархан Әнуаров.
Астанада өткен жастар форумынан Ақтөбеден 29 теміржолшы барды. 16 аймақтан келген командалар арасындағы өнерде қазақ арыстарын сомдап, патриоттық образда жоғары баға алды. ҚТЖ КВН лигасының финалында Батыс құрамасы чемпиондыққа қол жеткізді.
– Менің еріктілер қатарына қосылуым Ақтөбеде пойыздар қозғалысы орталығы ашылғаннан кейін басталды. Жаңадан құрылған орталықта спорттық шараларға қатысатын команда болған жоқ. Қабілеті бар, белсенді әріптестермен команда құрып, жарыстарға қатысып бастадық. Қалалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсеттік. Биыл спорттық шаралардың ауқымын арттыра түсеміз, – деді РЦУП-1 Ақтөбе пойыз диспетчері Айхан Қабылғазизов.
Батыс аймақтың жас теміржолшылары алдағы жұмыстарына жоспар құрып, жаңа жылда жаңа қарқынмен жұмысқа кірісті.
Ардақ Ерубаева