Жамбыл бөлімшесі 292 балаға оқу құралын сыйлады

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының кәсіподақ ұйымы биылғы оқу жылында теміржолшылар отбасындағы 292 балаға оқу құралдарын дайындады. Осыған орай бөлімшеде арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шарада Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев, бөлімшенің кадрлар бөлімінің басшысы Меруерт Баймұрзаева төрт және бес балалы, толық емес отбасыларға сабаққа керекті құралдарға толы рюкзактарды тапсырды.

Салалық кәсіподақ ұйымдары жыл сайын көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті аналарға көмек ретінде мектеп жасындағы балаларды оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырады. Былтыр Жамбыл бөлімшесі бойынша 240-тан астам оқушыға сөмке толы оқу құралдарын үлестірсе, биыл олардың саны 300-ге жуықтаған.

– Міне, бүгін Түрксіб станциясындағы теміржолшылар да келіп, бастауыш кәсіподақ ұйымы ұсынған тізім бойынша сөмкесімен бірге жаңа оқу құралдарын алды. Біз жыл сайын филиалға қарасты барлық құрылымдардағы теміржолшылардың әлеуметтік санатын алдын ала анықтаймыз. Қолдау көрсетілуі тиіс отбасылардың тізімін жасаймыз. Сөмке санын соған қарай нақтылап, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз, – дейді кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев.

Оқушыларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету – көпбалалы отбасылар үшін үлкен көмек. Қазіргі нарықтағы базар бағамын есепке алсақ, бір балаға сөмке, керекті құрал-жабдықтарды алуға орта есеппен 30 мың теңгеден астам қаржы кетеді. Ал жас жеткіншекке сабақтан қалмай бару үшін сөмкеден бөлек, мектеп және спорттық формалары қажет екенін ескерсек, бұл теміржолшылардың отбасы үшін едәуір қолдау.

Жалпы «ЖТ Жамбыл» бөлімшесі жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылатын республикалық «Мектепке жол» акциясына да үн қосып, атсалысып тұрады. Бұдан бөлек, осылай кәсіподақ ұйымы тарапынан қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, ұжымдық шартта қарастырылғандай, биыл төрт және бес балалы отбасылардың 482 баланы мектепке дайындауға қаржылай көмек берілген.

Ардақ Үсейінова,

Жамбыл