Кәсіби мереке қарсаңында Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Үздік білім» байқауы өтті.
Шара 4 мамыр мен 31 шілде аралығында өткен «Тәжірибелік шеберлік және техникалық білім деңгейін көтеру» үш айлығының қорытындысы есебінде ұйымдастырылды.
Байқауға – «Локомотив» (Жамбыл локомотив пайдалану депосы), «Семсер» (Жамбыл вагон пайдалану депосы), «Темір тұлпар» (Жамбыл локомотив пайдалану депосы (екінші команда), «Тараз» (Тараз станциясы) және «Шу жастары» (Шу станциясы), бас-аяғы бес команда қатысты.
Алдымен сөз алған Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Дүйсен Сыдықов үш ай барысында аймақтағы ірі үш станция –Тараз, Шу, Сарышағанда өткен техникалық оқулардың мамандардың біліктілігін көтеруде қаншалықты нәтижелі болғанын анықтау барысында ұйымдастырылып отырған байқаудың маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Командалар бірінші кезекте сигнал беру, пойыздар қозғалысындағы маневрлік жұмыс, техникалық пайдалану тәртібі нұсқаулықтары бойынша 30 сұраққа жауап берді. Ал екінші кезеңде станцияларда, пойыз жолдарындағы стандартты емес жағдайлар бойынша билет сұрақтарына жауап берді. Үшінші кезеңде «Үй тапсырмасы» бойынша бейнероликтер немесе слайдтар дайындап әкеп, таныстырылымын жасады. Алайда, бұл тапсырмаға «Локомотив» және «Тараз» командаларынан басқа командалар дайын болмай шықты. Дегенмен әділқазылар алқасы ол командаларға сауалдар қойып, бұл олқылықтың орнын толтырды. Төртінші кезең «Блиц сауал», «Сурет жауабын айт» ойын түрінде өткізіліп, экранға сауалдар мен суреттер шығарылып, қатысушылар жауаптары ескерілді. Нәтижесінде жақсы дайындықпен келген «Локомотив» командасы бірінші орынды (100 мың теңге) иеленсе, екінші орын «Тараз» командасына (75 мың теңге), үшінші орын «Семсер» командасына (50 мың теңге) бұйырды. Жүлде қорына Жамбыл бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы демеушілік жасады.
Ерман Әбдиев