Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының электромеханигі Жанарыс Атаханов осыдан аттай 25 жыл бұрын Қызылорда қаласында дүниеге келген екен. Бүгінде байланысшылар ұжымының мақтанышы.
Көптің ықыласына ие болып, сенімге сай болу тіпті де оңай емес. Сондықтан ол кез келген адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жанарыс та ұжымның сүйіспеншілігіне бірден бөлене қалған жоқ. Керкелмес бекеті, Сұлутөбе мен Бірқазан станцияларында СОБ электромеханигі болып жұмыс жасап жүріп кәсібінің қыр-сырын игеруге ұмтылған жастың елгезек талабы бәріне ұнайтын, аға буын әріптестері оны баласындай еркелетіп, білмегенін үйретуден жалықпайтын.
Қызылорда агротехникалық колледжін бітіріп, СОБ электромонтері болып 2017 жылы жұмысқа кіріскеннен бастап осы күнге дейін ескерту не сөгіс алып көзге түскен емес. Сонымен қатар, дистанция- да өтетін спорттық жарыстардың бел ортасында жүретін Жанарыс шеберлігін арттырып, соңғы жылдары компания бойынша өткізілетін турнирлерде аймақ намысын қорғап жүрген жастың бірі ретінде танымал болуда.
– Биыл Компанияның 25 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан спорттық жарыстарға «ШЧ-39» командасы құрамында қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрміз. Әрине, бірінші кезекте кәсіби жұмысыма адал болып, біліктілігімді арттыруды мақсат тұтамын. Спорт – екінші кезекте. Дистанция атынан бірнеше рет электромеханиктер сайысына қатысып, біршама тәжірибе жинақтадым, – дейді Жанарыс Уәлиханұлы.
Спорт екінші орында дегені жас жігіттің өз мамандығына, кәсібіне деген жауапкершілігі мен адалдығын паш етсе керек. Білетініміз, ол жастайынан спорт мектебінде білім алып, таңдауын да сол саламен байланыстыруды мақсат еткен көрінеді. Бірақ, өсе келе теміржол саласын таңдапты. Колледжді қызыл дипломмен бітірген.
– Нағашыларым түгел теміржолшылар болды. Спортпен кез келген кәсіпті игеріп қосымша айналыса беруге де болады, тұрақты да беделді сала, жұмыс әрқашан табылатын сұранысқа ие мамандық деген үлкендердің ақылымен осы кәсіпті таңдағаныма, Қазақстан темір жолындай алып компанияның бір кірпіші болып қаланғаныма еш өкінбеймін, – дейді ҚТЖ-мен түйдей құрдас жігіт.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Керкелмес бекеті
Суретті түсірген автор