Жалпы, теміржолшы деген спорт десе ішкен асын жерге қоятын халық екені баршаға аян. Солардың қатарында Мақат локомотив депосының ұжымы да бар.
Олар спорттың қай түрінен де қалыс қалған емес, футбол, волейбол, гир көтеру, армрестлинг, қазақ күресі, т.б. сайыстардың бәріне қатысып қана қоймай, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Дегенмен, солардың ішінде футболдан мақаттық локомотившілердің алдына түсетіндер некен-саяқ.
Жуырда Атырау облысы бойынша футзалдан 14-ші ашық біріншілігі додасы өтіп, оған облыстың ең мықты деген 14 командасы қатысқан болатын. Олардың ішінде республикалық жарыстарға қатысып жүрген «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Ембімұнайгаз», «НКОК», «Каспийнефть» сынды атағы жер жарған мұнай компанияларының командалары да бар. Өте шиеленісті де тартысты өткен ойында қай команда да намысты қолдан бермеуге
жанын салды. Бірақ «күш атасын танымас» дегендей, «Локомотив-Мақат» командасы шеберлігін асырып, 11 команданы жеңіп, үш командамен тең түсті. Соңғы ойында теміржолдың локомотившілер командасының тағы да бағы жанды, барлық командаларды ойсырата ұтып, бас жүлдені жеңіп алды!
Жеңімпаз команда ашық біріншілік кубогына ие болып, жекелеген ойыншылар да атаусыз қалмады. Үздік қақпашы, үздік ойыншы номинациясын жеңіп алған жігіттер мерейі үстем болды. Жалпы, облыстағы ең мықтылар арасынан қара үзіп шыққан команда барлық теміржолшылар мерейін үстем етті. Жарайсыңдар, локомотившілер!
Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау