«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да «Жас темір» жас мамандарды дамыту бағдарламасының 1-ші ротациясының қорытындысы шығарылды. Осыған орай өткен жиынға «ҚТЖ» ҰК» АҚ Аппарат басшысы Серік Кеулімжаев бастаған әлеуметтік және кадр саласының
жетекшілері қатысты.
Былтыр 1 қаңтарда басталған бағдарлама теміржол саласының даму перспективалары және тәлімгерліктің үздік тәжірибелерін енгізуді ескере отырып, компания кәсіпорындарын білікті мамандармен қамтамасыз етуді көздейді. Жас мамандар бес кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден өтеді. Бағдарламаның басты артықшылығы компанияның тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жеке тәлімгерлердің басшылығымен жас мамандарды жедел дамыту болып табылады. Қатысушылар 3 ротациядан өтеді, олардың әрқайсысы 5 айға созылады. Жас маман әрбір ротация алдында оқытылады, олардың жеке тәлімгерлері болады, оларға ай сайын жалақы төленеді, Компания есебінен жатақхана да беріледі. Жеке даму жоспарлары бекітіледі және кәсіби мамандармен жұмыс жүргізеді.
Осы бағдарлама бойынша оқуға қабылданып, ротацияның алғашқы 5 айынан өткен 5 маман өздерінің жоба аясында үйренгендерін ортаға салды. Мәселен, олардың бірі Арыстан Жұман алғашқы ротациясын «KTZ Express» АҚ-ның техникалық саясат департаментінде өткен.
– Теміржол саласында жоғары білім алып, оқуды 2021 жылы бітірдім. Былтыр осы бағдарламаға қатысып бағымды сынауға бел будым. Барлық кезеңдерден өткеннен кейін бізді жазда Астанаға шақырды. Мен Қарағандыдан келгендіктен жатақханаға орналастым, қыркүйекте жұмысты бастап кеттік. Алғашқы кезде таныстыру, үйрету бағытында жұмыстар жүргізілді, бірте-бірте жұмыс ауқымы артып күрделене түсті. Бағдарлама аясында 1 жарым жылда толыққанды теміржолшы болып шығуымыз керек. Келесі 5 айлық ротация кезінде басқа департаментке ауыстырады. Менің жұмысым көбіне құжаттармен байланысты, – дейді А.Жұман.
Ал Әйгерім Шымырбаева «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС маркетинг және сервистерді дамыту департаментінде менеджер ретінде тәжірибеден өтіпті.
– Ротация кезінде атқарған жұмыстарым көп. Атап айтқанда, эко жүйе және электронды құжат айналымымен, мәліметтер базасымен жұмыс істеуді үйрендім. «Rail-Тариф», «Rail-Атлас» бойынша жұмыс істедім, шетел теміржол әкімшіліктері арасында бизнестік қарым-қатынас құрдым. Клиенттердің Жүк тасымалы қызметтеріне қанағаттану деңгейі бойынша онлайн сауалнама жүргіздім. Маркетолог ретінде жарты млн астықтың транзит арқылы тасымалдануына және ҚТЖ экономикасын арттыруға үлес қосуға тырыстым, – деді өз сөзінде Ә.Шымырбаева. Жиында Аян Шарапат, Елдар Ахметбеков және Мадияр Жәдігеров сынды өзге де бағдарлама қатысушылары сөз алып, тәжірибе кезінде үйренгендерін арнайы слайдтар арқылы баяндады. Жастардың жігері мен ынтасына, талабына риза болған ҚТЖ басшылары оларға түрлі сұрақтар қойып, алдағы арман-мақсаттарымен танысты және сол мақсаттарға жетер жолда сәттілік тіледі.
Райхан РАХМЕТОВА,
Астана
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК