Соңғы екі жыл көлемінде компания бойынша өткізілетін Жастар форумында өз жобаларын дәйекті түрде қорғап қана қоймай, жетістікке жеткен жас теміржолшылар Қызылордада баршылық.
Кейіпкерлеріміз – Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі бастығының орынбасары Еркебұлан Сүлейменов, осы бөлімнің жетекші инженері Мақсат Тлепбергенов және Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бойынша жетекші инженері Жайылхан Сейітов. «Жүз жас есіммен» танылған бұл үшеуі Қызылорда станциясындағы салалық мекемелерде еңбек ете жүріп талай жетістікке ие болды. 2022 жылы өткен ХІ Жастар форумына қатысып, «жүз жас есім» қатарынан көрінген жас теміржолшылар одан кейінгі екі жыл бойы шыңдау, дайындау, бейімдеу сынағынан өтті. Жылына төрт рет арнайы мамандардан «лидерлік», «стреске шыдамдылық», «ішкі коммуникация», «оңтайлы шешім қабылдау тәжірибесі», «жобаны басқару негіздері» және «жеке бренд» санатында модульді оқу тәжірибесінен өтіп ХІІ жастар форумында да біліктілік пен білімді шыңдауды жалғастырған. Демек үш жас теміржолшы үнемі ізденіс, тәжірибе жинақтау, бейімделу үстінде. Сонымен қатар олар өз жобаларын әрі қарай жетілдіріп келеді, бұл бағытта жетекшілерімен онлайн форматта ақыл-кеңес алып, командалық құраммен жұмыс істеуде.
Мысалы Жайылхан Сейітов өз командасындағы жеті әріптесімен бірге ЭЦП кілті арқылы өндірістік есептерді онлайн форматта тапсыру, алыс-жақын бекеттердегі ШЧ СОБ шкафтарына ревизия жасауды оңтайландыруды жетілдіру бағытында жұмыс жасауда.
– Жоба талабына байланысты белгілі бір кәсіпорынның арнайы мамандарымен байланыс орната отырып жоба негізіндегі талаптардың орындалуын есепке алып, сараптама жасаймыз. Сонымен қатар жобаға жұмсалатын шығын, кіріс, табыс түрлерінің мөлшерін есептеу жұмыстарын жүргіземіз. Әркімнің пікірі тәлімгерлеріміздің онлайн форматтағы кеңес дәрісінде сарапқа салынады. Мысалы біздің команда мүшелері Қарағанды, Шымкент, Астана және Қазалы станцияларындағы жұмыс жасайтын жастардан құралған, – деді Жайылхан Сейітов.
Мақсат пен Еркебұланның жобасы өндірістік сатып алу-сату жұмыстарымен байланысты. Олар жоба негізінде тапсырыс беруші мен тапсырыс орындаушылар арасында туындайтын мәселелердің болмауының алдын алуды мақсат етеді. Жобамен жұмыс жасаған жағдайда сатып алу мен сату шарттарының қос тарапты да қанағаттандыруы үшін әлі де ізденіс, сараптау жұмыстарын жасауда.
Сабырхан Сейілбекұлы