Жеңіл атлетикадан жарыс өтті

Қазақстан темір жолының 120 жылдығы және жергілікті теміржолшы, спорт ардагері Паршина Наталья Евгеньевнаның 65 жас мерейтойына орай теміржолшылар арасында жеңіл атлетикадан жарыс өтті.
«Батыс» филиалы бойынша кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған шара 11 мамыр күні өтіп, оған Шалқар, Қандыағаш, Жем, Шұбарқұдық және Ақтөбе станциясының теміржолшылары жоғары белсенділікпен қатысты. Ашық аспан астында өткен жеңіл атлетика эстафетасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сайыс тәртібі бойынша әуелі қыздар, кейін жігіттер жарысты. Қатысушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі болды, жас та, жасамыс та нағыз желаяқтарша өнер көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша іріктеліп шыққан жүйріктер жүлделі орындарға ілікті. Бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Баршаңызға денсаулық, амандық тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Ашық аспан астында бейбіт өмір сүруден артық бақыт жоқ. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұзақ өмір сүріңіздер. Демалысқа қарамастан сіздердің бүгін мені қолдап жарыс жолына шыққандарыңыз қуантады. Рахмет айтамын!», – деді теміржолшы ардагер Наталья Паршина.
Спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырханның айтуынша, жазға қарай ашық аспан астындағы спорттық шаралар жандана түспек.
Ардақ Ерубаева