Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдердің теміржол әкімшіліктері арасындағы ІІ спартакиада өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінен теміржолшы-спортшылар қатысты. Теміржолшылар армрестлинг, гір тасын көтеру, үстел теннисі, шахмат және арқан тарту сияқты спорт түрлерінен бақ сынасты.
Спартакиаданың ашылу салтанатында түрік мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Мирвохид Азимов сөз алып, бұл спартакиада бауырлас елдердің достастығын нығайтып, теміржол саласындағы серіктестік байланыстарын күшейтетінін атап өтті. Ол былтыр Самарқанд саммитінде Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдердің теміржол әкімшіліктері арасында спорттық спартакиада өткізу туралы қабылданған маңызды құжат шеңберінде өтіп жатқан бұл іс-шара келешекте де жалғасын тауып, өрісі кеңейе түсетініне сенім білдірді.
Бұдан кейін сөз алған ҚР Көлік министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Али Алтай, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Аппарат жетекшісі С.Кеулімжаев жарысқа қатысушыларға қолдау білдірді.
Бас төреші Д.Хамзин спартакиада ойындарын ашық деп жариялап, спортшылар бақ сынасуға кірісті. Бір мезетте үстел теннисі, шахмат, гір тасын көтеру жарыстары қатар жүріп жатты. Гір тасын көтеруге кілең сайдың тасындай іріктелген теміржолшылар шықты.
Жарыс 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жүрді. Тек ер азаматтар қатысқан бұл жарыста қазақ пен қырғыз теміржолшы жігіттерінің басымдығы байқалды. 80 келіге дейін гір тасын көтеруде 1-орын қырғыз теміржолшысы Эржан Беккелдиевке бұйырса, 2-орынға қазақ теміржолшысы Дастан Қуанышпаев, ал 3-орынға өзбекстандық Аваз Соатов ие болды. Ал гір тасын 80 келіден жоғары көтеруде біздің теміржолшы Ерлан Ахметов ауыр тасты оң және сол қолда кезек ойнатып, 190 рет көтеріп, 1-орынға көтерілді.
Армрестлинг жарысында 65 келіден жоғары санатта ойын көрсеткен әлем чемпионы Алла Штрошерер көз ілеспес жылдамдықпен қарсыластарын ойсырата ұтып, тағы да жеңіс тұғырынан көрінсе, 2-ші және 3-ші орындарды әзербайжандық Севиндж Мехтиева және қырғызстандық Татьяна Термушова өзара бөлісті. 65 келіге дейін салмақ дәрежесіндегі қол күресінен 1-ші орынды қырғыз қызы Айгүл Манапова жеңіп алса, екінші орын қазақ қызы Әсем Заеваға бұйырды.
Ал ерлер арасындағы 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі қол күресінде Қырғызстан темір жолынан келген жігіттер басым түсіп, жеңісті бермеді. Бұл жарыста Айқын Асқарбақыт (80 кг дейін) және Руслан Ескенеев (80 кг-дан жоғары) екінші орын алды.
Үстел теннисінен әйелдер арасындағы жарыста 1-орынды Әйгерім Құдайбергенова (Қырғызстан), 2-орынды Дана Исмағамбетова (Қазақстан), 3-орынды Севиндж Мехтиева (Әзербайжан) еншіледі. Ерлер арасындағы үстел теннисі жарысында ептілік пен шапшаңдықтан қарсыластарын шаң қаптырған Рустам Мұхамеджанов 1-орынды қанжығасына байласа, қалған орындарды өзбек және қырғыз теміржолшылары өзара бөлісті.
Ал шахмат ойынында қазақстандық теміржолшы Гүлжан Аманова қырғызстандық әріптесіне ұпай жіберіп алып 2-орынды иеленсе, ерлер жарысында жеңіс тұғырынан қазақстандық теміржолшы Дәурен Сурабалдинов табылды. Ал көпшіліктің арқасын қыздырып, атой салдырған арқан тарту жарысында қазақ теміржолшылары қырғыз және өзбек жігіттерін ойсырата жеңіп, күш атасы кім екенін танытты.
Қазылар алқасының есебі бойынша түрік елдерінің теміржолшылары арасында ҚТЖ құрама командасының ұпайы жоғары болып, командалық есепте бірінші орынды иемденіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал екінші орын мінберінен Қырғызстан темір жолының, үшінші орыннан Өзбек темір жолының құрама командалары табылды. Атап өтерлігі, екінші рет өтіп отырған спартакиадада ҚТЖ құрама командасы екінші рет жеңіс тұғырынан көрініп отыр.