Вы сейчас просматриваете ЖОБА ЖАЛҒАСУДА

ЖОБА ЖАЛҒАСУДА

«Самұрық-Қазына» АҚ әлеуметтік жобалар корпоративтік қорының «Жеңіс» жобасы әлі жалғасуда. Жобаның Қазақстан бойынша 35 жерде өңірлік үйлестірушісі бар. Олар өз командасындағы еріктілермен үздіксіз жұмыс істеп жатыр.

Жобаның Достық станциясы орналасқан Алакөл ауданы бойынша аймақтық үйлестірушісі, теміржолшы Батыржан Ахметжановтың айтуынша, станция теміржолшыларынан іріктелген еріктілер былтырдан бері аудандағы 65 тыл ардагеріне нақты көмек көрсеткен.

– Біз Үшарал, Бескөл, Бұлақты, Қайнар, Жайпақ ауылдарын аралап, тыл ардагерлеріне көмек көрсетудеміз. Оның ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, керекті тұрмыстық техникаларды апарып береміз. Соған қоса үй шаруасына қажет отын-көмір тасып, бау-бақша, аула, қоршауларын реттеуге көмектесеміз. Бескөлдің өзінде 15 адам волонтер болсақ, соның көбі – теміржолшылар. Достық станциясынан, ВЧД-26, ШЧ-31 мекемелерінен, Бескөл бекетінен әріптестер волонтер болып қатарымызға қосылып, қоғамға пайдасын тигізуде, – дейді ол.

Теміржолшылар 40 тыл ардагерін өз қамқорлығына алған еді, оған қосымша жақында көмекке аса зәру деген тағы 25 адамды қосып алған. Бүгінде осы бағытта барлық әлеуметтік жұмыстарды үйлестіріп жүрген Батыржан Ахметжанов Достық станциясындағы өндірістік қауіпсіздік және экология секторын басқарады.

Ұлан ОРАЗ,

Нұр-Сұлтан