Жылына 300 млн тонна жүк тасымалданады

Елордада еліміздің транзиттік әлеуеті мен инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған екі күндік Қазақстан көлік-логистикалық форумы өтті. Форумға еліміз бен шетелдерден көлік және логистика саласындағы халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты.
Маңызды іс-шара барысында Орталық Азия елдерінің логистика және сауда саласындағы даму болашағы, Транскаспий Халықаралық Көлік Бағдарының бүгінгі жағдайы, перспективалары, осы дәліз арқылы жүк тасымалдау бойынша еуропалық экспедиторлар үшін тиімді мүмкіндіктер, халықаралық көлік дәлізі жүйесіндегі Ақтау мен Құрық порттарының рөлі және басқа да тақырыптар бойынша мәселелер көтерілді. Форумға «NurZholCompany» ЖШС Қадағалау кеңесінің төрағасы, «KazGrain» ұлттық экспортерлер қауымдастығы басқармасы кеңесінің төрағасы Қанат Көбесов модераторлық етті. Алғашқы болып сөз алған ол Орталық Азия елдерінде сауда мен логистиканы дамытудың болашақ перспективалары тақырыбында баяндама жасады. Елімізде сауданың қозғаушы күші көлік пен логистика екені аян. 2014-2021 жылдар аралығында Орталық Азия арқылы Қытай-Еуропа бағытындағы транзитпен контейнерлік пойыздар саны 50 есе артқан. 2022 жылы мемлекетаралық түйіспе нүктелері арқылы жүк тасымалы Болашақ станциясы бойынша 2 015,3 мың тоннаны құрады. Ресейден Иранға бағытталатын «Солтүстік-Оңтүстік» баламалы көлік дәлізінің маңызына тоқталған ол оның өткізгіштік қабілеті жылына 20 млн тонна жүкті құрайтынын жеткізді. Ол тиімді логистикалық шешімдер баламалы көлік дәліздері мен инфрақұрылым объектілерінің өсу мүмкіндігін қамтамасыз ететініне сенім білдірді.
– 2023 жылы Қазақстан арқылы жүк транзиті 19 пайызға артып, 27,4 млн тоннаны құрады. Геосаяси үрдістер баламалы көлік дәліздері мен инфрақұрылым нысандарының өсу мүмкіндігін беруде. Қазіргі таңда Қазақстанда қолданыста 16 мың км теміржол бар. Сол арқылы жылына 300 млн тонна жүк тасымалданады. Жаңадан 1,3 мың км жаңа теміржол салыну үстінде. Соның арқасында өткізгіштік қабілеті 70 млн тонна жүкке дейін артады, – деді Қанат Көбесов өз сөзінде.
Форумда Ақтау мен Құрық порттарының халықаралық көлік дәлізі жүйесіндегі рөлі туралы да сөз болды. Былтыр Құрық порты арқылы жүк түсіріп, тиеу көлемі 2 115 мың тонна болып, 16 пайыз артқан. Осы жерден Қазақстанның экспорты 1 088,7 мың тонна болса, импорт 1026, 2 мың тоннаға жеткен.
Бүгінде елімізде жүктерді жылдам өткізуге қолайлы жағдай жасалуда. Еліміз арқылы транзит көлемін 23,2 млн тоннадан 2029 жылға қарай 35 млн тоннаға жеткізу көзделуде. Ол үшін ТХКБ, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі және Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағдары бойынша «тар» орындарды кеңейту жоспарлануда. Теміржол арқылы жүк тасымалы былтыр 4 пайызға өскен. Контейнерлік тасымал транзиті 1 млн 282 мың ЖФЭ болды. 2029 жылға таман 2 млн ЖФЭ контейнер тасымалдау көзделіп отыр. Контейнерлерді тасымалдаудың жоспарланған жылдамдығы тәулігіне 1500 км болса, қазіргі таңда ол тәулігіне 800 км болып тұр.
Спикерлер ТХКБ елдері мен Қытай арасындағы сауда мен логистика орталығы ретінде Қазақстанды қарастырғанда қандай негізгі проблемалар бар екенін атап өтті. Мысалы, коммуникациядағы лингвистикалық кедергі мен мәдени ерекшеліктер, қойма орындарының жетіспеуі, сақтау сервисінің жоқтығы, есікке дейін жеткізу және тауарды кері қайтару қызметінің төмендігі, Қазақстан шекарасындағы кідірістер, контейнерлердің дисбалансы, тариф құнының қымбаттауы сияқты мәселелер айтылды. Оларды шешу үшін қалалардан тыс контейнерлік терминалдар салу, контейнерлік терминалдардан тыс қойма және теміржол инфрақұрылымын дамыту, мәселелерді шешу үшін бірлескен жұмыстарға арналған пікірталас алаңдарын ұйымдастыру керектігі ұсынылды. 2017 жылы құрылған ТХКБ халықаралық қауымдастығының қазіргі жағдайы туралы да баяндалып, оның ауқымын әлде де кеңейту, басқа елдерді мүшелікке тарту жайы сөз болды. Бүгінде оған әлемнің 11 елінен 25 инфрақұрылымдық және логистикалық компания мүше. Бағдар бойынша 7 теміржол, 10 теңіз порттары мен терминалдар және 2 кеме компаниясы бар. ТХКБ арқылы былтыр 2764 мың тонна жүк, 20,5 мың ДФЭ контейнер тасымалданған. Форумда сонымен бірге мультимодальды тасымал, жүк иелеріне арналған сервис, қазақстандық экспортты контейнерлеу болашағы, астық өнімдерін контейнермен экспорттау, бағдар мен сервисті цифрландыру, теміржол инфрақұрылымы мен порт кешендері арасындағы өзара байланыс мәселелері кеңінен талқыланып, нақты шешімдер мен ұсыныстар айтылды.
Райхан Рахметова