Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күніне Қызылорда темір жолында арнайы іс-шара өтті.
Теміржолшылар жиынын «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов пен Қызылорда қосалқы бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев ұйымдастырды. Жиынға арнайы шақырылған теміржолдағы нәзік жан иелері пікір білдірді. Оларға кәсіподақ ұйымы тарапынан естелік сыйлық табыс етілді.
Жалпы аймақ бойынша салалық мекемелерде зорлық-зомбылық тәуекелдері тіркелмегенмен бұл құбылыс әлемде, кейде елімізде де орын алатыны жасырын емес. Жиынды ұйымдастырушылар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жайлы жиылғандармен еркін форматта пікір алмасты. Сондай-ақ, осы тақырыпқа қатысты ғаламтор жаңалықтарына шолу жасалып, мұндай жағдайлардың аймақ бойынша орын алуына жол берілмеу жайы сөз болды.
– БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылғы 17 желтоқсанда «25 қараша – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні» деп жариялаған.
Біздің еліміз әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрін жою туралы БҰҰ конвенциясына қосылған. Аталған конвенция негізінде «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенциялары бекітілді. Осы уақыттан бері әйел затына қарсы кез келген қиянатқа, қорлыққа қарсы тұрып, қауіп-қатердің алдын алу шаралары жүргізіліп келеді. Өкінішке орай, ел ішінде нәзік жан иелеріне әлімжеттік жасайтын келеңсіз құбылыстар жоқ емес. Ал біздің бөлімше тарихында бұндай келеңсіздік болған жоқ. Қайта компания бойынша әйел адамдардың ауыр жұмыс жасауына рұқсат берілмеу жайлы пәрмен шығарылып, оларды жеңіл жұмыстармен қамту қолға алынған, – деді кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суретті түсірген автор