Қазақстан Республикасындағы
Теміржолшылар және көлік
құрылысшылары кәсіподағының
IV съезінде
2000 жылғы 21 қыркүйекте бекітілген
 
 

«Қазақстан Республикасының теміржолшылар кәсіподағы және оның ішкі құрылымы  – бастауыш кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің тексеру комиссиясы туралы  ереже

I. Жалпы ережелер

1.1. Қазақстан Республикасы теміржолшылар кәсіподағының (бұдан әрі – Кәсіподақ)  бақылау-тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасы теміржолшылар кәсіподағының Жарғысына, осы Ережеге және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес алқалық және жариялылық қағидаттары негізінде әрекет етеді.

1.2. Съезд Кәсіподақтың бақылау-тексеру комиссиясын Кәсіподақтың Орталық кеңесінің өкілеттік мерзіміне қаржы-шаруашылық қызметіне ревизия мен тексерулер жүргізудің жеткілікті біліктілігі мен дағдылары бар кәсіподақ мүшелерінің арасынан сайлайды. Комиссия өз қызметіне дербес болады және Қазақстан Республикасы теміржолшылар кәсіподағының съезіне есеп береді.

1.3. Бақылау-тексеру комиссиясының сандық құрамын съезд айқындайды.

1.4. Бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы, оның орынбасары комиссия отырысында сайланады. Дауыс беру нысанын (ашық немесе жабық) бақылау-тексеру комиссиясы айқындайды.

1.5. Комиссия мүшелері Кәсіподақтың Орталық кеңесінің мүшелері және оның аппаратының штаттық қызметкерлері бола алмайды.

II. Жұмыстың мазмұны

2.1. Бақылау-тексеру комиссиясы барлық деңгейдегі Кәсіподақтың сайланбалы органдарының қызметіне ревизиялар мен тексерулер жүргізеді.

2.2. Бақылау-тексеру комиссиясы төмендегілерге бақылауды жүзеге асырады:

2.2.1. Кәсіподақ Жарғысының, съездердің, конференциялардың, жиналыстардың және тұрақты жұмыс істейтін басшы кәсіподақ органдарының шешімдерінің сақталуына;

2.2.2. мүшелік кәсіподақ жарналарының дұрыс есептелуіне, толық және уақтылы түсуіне және олардың жоғары тұрған кәсіподақ органдарына аударылуына;

2.2.3. банк мекемелерінде бос қаржы қаражатын орналастырудан, кәсіподаққа тиесілі акциялар мен басқа да бағалы қағаздар бойынша, шаруашылық қызметтен және басқа да түсімдерден түсетін кірістердің түсуіне;

2.2.4. Кәсіподақ мүлкінің, ақшалай қаражаттың және материалдық құндылықтардың сақталуына, өндірілген шығыстардың заңдылығы мен орындылығына, құрылатын қорларды ұтымды пайдалануына;

2.2.5. Кәсіподақ бюджеті мен сметасы орындалуына;

2.2.6. қаржылық және статистикалық есептіліктің дұрыстығына;

2.2.7. Кәсіподақ органдарында іс қағаздарының жүргізілуіне, істерді өту тәртібі сақталуына және кәсіподақ мүшелерінің хаттары, шағымдары, ұсыныстары қаралуына.

2.3. Бақылау-тексеру комиссиясы оның атына келіп түскен хаттарды, кәсіподақ мүшелерінің өтініштері мен шағымдарын, алғашқы кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ филиалдарының ұсыныстарын қарайды, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайды.

2.4. Кәсіподақтың бақылау-тексеру комиссиясы Кәсіподақтың алғашқы ұйымдары мен филиалдарының тексеру комиссияларына әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді, ревизиялар мен тексерулер жүргізу мәселелері бойынша ұсынымдар, түсіндірмелер әзірлейді.

III. Құқықтары мен міндеттері

3.1. Бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері съезд жұмысына қатысады, төрағасы Орталық Кеңес пен атқару комитетінің жұмысына кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

3.2. Бақылау-тексеру комиссиясының:

3.2.1. Тексерілетін кәсіподақ органынан тексеру жүргізу үшін барлық қажетті шынайы бухгалтерлік және басқа құжаттарды алуға, тексеру барысында туындайтын мәселелер бойынша анықтамалар мен түсініктемелер сұратуға;

3.2.2. Ақшалай қаражаттың, материалдық құндылықтардың нақты болуын және олардың сақталуын қамтамасыз етуді тексеруге;

3.2.3. Кәсіподақ ОК басшылығының келісімі бойынша Кәсіподақ филиалы мен алғашқы ұйымдардың қызметіне тексеру жүргізу үшін тиісті ұйымдардың тексеру комиссияларының мүшелерін, кәсіби органдар аппаратының қызметкерлерін, ал қажет болған жағдайда Кәсіподақ қаражаты есебінен еңбегіне ақы төлей отырып, білікті кеңес берушілерді, сарапшыларды тартуға;

3.2.4. Кәсіподақ мүшелерін және тиісті сайланбалы органдарды ревизиялар мен тексерулердің нәтижелері туралы хабардар етуге, Кәсіподақ Жарғысына және қолданыстағы заңнамаға сәйкес кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы мәселе қоюға құқығы бар.

3.3. Бақылау-тексеру комиссиясы:

3.3.1. Сайланбалы кәсіподақ органдарының жарғылық және қаржы-шаруашылық қызметіне үнемі ревизиялар мен тексерулер жүргізуге;

3.3.2. Анықталған кемшіліктерді жою үшін кейінгі бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

IV. Жұмыс тәртібі

4.1. Комиссия өзі бекіткен ревизиялар мен тексерулер жоспары бойынша жұмыс істейді. Қажет болған жағдайларда жоспардан тыс ревизиялар мен тексерулер жүргізіледі, олардың орындылығы туралы мәселені Орталық Кеңес немесе Кәсіподақтың Орталық Кеңесінің Атқару комитеті қоя алады.

4.1.2. Жұмыс жоспары, тексерулер жүргізу тәртібі және олардың нәтижелері, анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысы комиссия отырыстарында қаралады.

4.1.3. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер олардың жұмысына комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, заңды болып саналады. Егер отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жартысынан астамы оған дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.

4.1.4. Комиссия отырысы хаттамамен, ал тексеру материалдары – тексерушілер мен тексерілетін кәсіподақ органының басшысы қол қоятын актімен ресімделеді. Тексеру және ревизия материалдары жоғары тұрған кәсіподақ органына жіберіледі.

4.1.5. Тексерілетін кәсіподақ органы бір ай мерзімде тексеру материалдарын қарауға және анықталған кемшіліктерді жоюға шаралар қолдануға, қабылданған шаралар туралы комиссияға хабарлауға міндетті.

Анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою жөніндегі комиссияның талаптары көрсетілген мерзімдерде орындалмаған жағдайда, комиссия бұл туралы Кәсіподақ Жарғысына және қолданыстағы заңнамаға сәйкес кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін жоғары тұрған кәсіподақ органына хабарлайды.

4.1.6. Бақылау-тексеру комиссиясының қызметін қаржыландыру Кәсіподақ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.