Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясы басшылығы мен кәсіподақ ұйымы «Мектепке жол» дәстүрлі акциясын бастап кетті. Олар биыл мектеп табалдырығын аттайтын 23 бүлдіршінге керек-жарақ толтырылған сөмке сыйлады.
Дистанцияның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Қожахметованың айтуынша, бұл жолы мекеме жұмысшы-қызметкерлерінің мектептің бірінші сыныбына баратын 23 баласына сыйлық жасап отыр. Бұдан бөлек түрлі әлеуметтік санаттағы балалар үшін берілетін көмек компания басшылығы тарапынан белгіленіп, үлестірілетін болады.
– Жыл сайын компания бойынша қолға алынатын мектепке жол акциясына үн қосып, бірінші сыныпқа баратын балақайларға арнайы оқушы сөмкесін дайындаймыз. Биылғы акцияны ертерек бастап отырмыз, баласын мектепке дайындайтын ата-ана білу керек қой, не алып, не қоятынын, бір үйден бірнеше оқушы болуы мүмкін. Оларға ұжымдық келісім-шартқа сай тиісті жеңілдіктердің берілуін қадағалайтын боламыз, – дейді кәсіподақ төрайымы.
Айта кетейік, жыл сайын тамыз айында Қазақстан темір жолында «Мектепке жол» акциясы жүреді. Оның мақсаты теміржолшылар отбасының балаларын мектепке дайындауға атсалысу болып табылады.
Сабырхан Сейілбекұлы