Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында электромеханик болып табысты еңбек еткен, аз уақытта өзінің көп қырын танытқан, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің сұлтаны атанған Қамшыбек Әміреевті еске алуға арналған шағын футболдан ашық турнир өтті. Бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдау көрсеткен жарысқа Қамшыбек Кенжеғұлұлымен бірге жұмыс істеген теміржолшылар, өнердегі достары демеушілік етті.
Ашық турнирдің ашылу салтанатына «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов, Қамшыбектің әкесі және туыстары, достары қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Табанды әрі табысты еңбек ескерусіз қалмайды. Бүгінгі іс-шара – соның көрінісі. Сонымен қатар, біз осы игі іс арқылы теміржолшылар достыққа да адал екенін көріп отырмыз. Қамшыбек Әміреев аз уақытта өзінің кәсібилігін көрсете білген білікті маман. Өнерлі жігіт жамбылдық теміржолшылар атынан республикалық талай дүбірлі додаға, жастар арасындағы айтулы шараларға қатысып, топ жарды. Ол өнерде, спортта да мықты достар тауыпты. Солардың бәрі бүгінгі турнирді жоғары деңгейде өткізуге атсалып жатыр, – деді Айдын Пайзылдаұлы.
Әріптестерінің айтуынша, Әміреевтер – бес буын ұрпағы темір жол саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан әулет екен. Арғы аталары Иманқұл мен Әміре – Түркісіб құрылысына қатысса, атасы Халил Иманқұлов пен әкесі Кенжеғұл Әмреев олардың жолын жалғаған. Ал Қамшыбек Әміреев теміржолшының баласы ретінде ұлттық компанияның арнайы грантымен Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясын бітіріп, Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етті.
– Темір жолда еңбек етіп жүріп Қамшыбек Әміреев алты жылдай жастар ұйымына жетекшілік жасады. Бастама көтеріп, жамбылдық теміржолшылардан жайдарманшылар командасын құрды. Тіпті, олар жоғарғы лигада өнер көрсетті. Өзі Жамбыл өңірі атынан ҚТЖ-ның «Жігіт сұлтаны» республикалық байқауына қатысып, жүлдегер атанды. Жарқырап тұрған жас еді. Бүгінгі турнирге Қамшыбек туып-өскен Ақшолақ станциясынан, еңбек еткен ШЧ – 36 дистанциясынан, Қаратау станциясы және достары, өнердегі жора-жолдастары атынан 5 команда қатысты, – дейді Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Қайыржанұлы.
Айналмалы жүйеде өткен доп додасында командалар арасында бәсеке жоғары болды. «Достар» командасы алғашқы кездесуде айқын басымдық көрсетіп, фоворит ретінде танылғанымен, келесі айналымдарда қарсыластар қорғанысты күшейтіп, ұпайды қолдан бермеді. Қарсы шабуылдарға көшіп, қорғаныстың осал тұсын таба білді. Ойын тактикаларын бірінші матчта ашып тастамай, қорғана жүріп, шабуылды үдеткен «Қаратау» тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қаратаулықтар өнер иелерінен құрылған «Той. кз» командасынан ғана айласын асыра алмады.
Турнир қорытындысы бойынша қорғанысы тас қамал, шабуылдаушы позициясын таңдаған «Той. кз» жеңіске жетті. «Қаратау» теміржолшылары 2-орынды еншілесе, «Ақшолақ» үздік үштіктің қатарынан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншылар» арнайы дипломдар, медальдармен марапатталды. Командаларға кубоктармен қатар, жарыс демеушілері атынан қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Соңында достары Қамшыбек Әміреевтің рухына арнап, ас берді.
Ардақ Үсейінова,
Жамбыл



