«Жамбыл ЖТ бөлімшесі» филиалының ВЧД – 27 Жамбыл вагон пайдалану депосының өндірістік базасында республикалық «Үздік вагон қараушы – 2025» кәсіби байқауы өтті.
Кеңейтілген форматта ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Вагон шаруашылығы департаментінің» бас менеджері Дулат Бектұров сөз сөйлеп, вагон қараушыларға жүктелетін міндеттерге тоқталды. «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев Жамбыл жерінде ұйымдастырылып отырған республикалық байқау қатысушыларына тарихымыздың темірқазығы саналатын көне Тараз қаласынан үлкен әсер алып, табыспен қайтуларына тілеулестігін жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша 35 балл жинап, барлық кезеңде ең үздік нәтиже көрсеткен ВЧД – 27 Жамбыл вагон пайдалану депосына қарасты Шу техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушысы Мавлюдбек Бурсалов жеңіске жетті. 27 ұпаймен 2- орынды ВЧД – 16 Екібастұз вагон пайдалану депосынан келген Арсен Ахмедов иеленді. Бір ғана ұпай айырмашылығымен үздік үштікті ВЧД – 30 Арыс депосының маманы Қалдыхан Сатыбалдиев түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов марапаттады. Сондай-ақ Ерболат Жидебаев кәсіподақ ұйымы атынан қонақтарға қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті.
