Шығыстағы теміржолшылар үшін биылғы қыс қызықты өтуде. Семей ЖТ бөлімшесі үшін қысқы спорт түрлерінен шаңғы сайысының орны бөлек. Биыл да қыз-жігіттер қарағайлы орман ішінде өткен тамаша демалысқа жиналды.
Кәсіподақтың 30 жылдық мерейтойына арналған эстафетаға егде жастағылар да, жаңа толқын да бір кісідей қатысып, бәсеке көрігін қыздырды. Ұзын саны жүзден аса адам қатысқан шара аязды ауа райына қарамастан мейлінше қызықты әрі көңілді өтті.
Байқау шарты бойынша, шаңғышылар мүлгіген қалың орманның ішіндегі жолмен 1,5 шақырым қашықтықты санаулы минуттар ішінде жүріп өтіп, кезекті өзін күтіп тұрған әріптесіне беруі тиіс болатын. Барлығы 9 команда қатысқан марафон сайысына өз ұжымдарын бастап кәсіподақ жетекшілері де келген еді.
Айта кету керк, шаңғы жолына алдымен шыққан қыз-келіншектер қауымы ә дегеннен алға шығып, тапсырманы мүлтіксіз орындады. Әсіресе, Сәуле Асқарова, Зульфия Еникеева сынды осыған дейін ұлттық компания көлемінде ұйымдастырылып жүрген сайыстарда топжарған әуесқой шаңғышылар жанкүйерлерін тәнті етті. Аталмыш іс-шараны өткізуге демеушілік жасап, арнайы автокөлік, музыкалық сүйемелдеуге дейін ұйымдастырған бөлімшенің кәсіподақ төрағасы Алик Досановқа көпшілік алғыстарын жаудырып жатты.
Бас жүлдені ПЧ-39 мекемесінің спортшылары иемденсе, екінші орынға соңғы уақыттардағы спорттық сайыстарда зор жеңістерге жетіп жүрген ВЧД-23 қыз-жігіттері лайық деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен мақтау грамоталары және ақшалай сыйлық табысталды. Енді олардың фотосуреттері мен жарыстың қызықты сәттерін бейнелейтін көріністерден арнайы композициялық стенд пен бейнесюжет жасалмақ.
Қуаныш Қожаев, Семей
Суретті түсірген автор