Маңғыстау өңірінде теміржолшылардың жылдамдық пен ептілігін, физикалық дайындығын сынға салған спорттық эстафета өтті. ҚТЖ компаниясының 25 жылдығы мен Сала кәсіподағынынң 30 жылдығы құрметіне «Мерекелік старт» деген атпен өткен сайысқа түбек теміржолшылары белсене қатысты.
Маңғыстау қосалқы бөлімі ғимаратының жанындағы спорт алаңында өткен сайысқа жас та, кәрі де қатысты. Допты секірте жүріп мәреге жету, аяқтағы қаппен жүру, белгілі қашықтыққа айналып жүгіру, байрақшаны табыстау сияқты түрлі шарттарды орындау кім-кімге де оңайға соқпайтыны белгілі. Біреулер бірінші айналымнан-ақ болдырып қатардан шығып қалып жатса, физикалық дайындығы жоғары, салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін ол шарттарды орындау түк те қиынға соқпағандай, бірінен соң біріне жылдам ауысып, қатардан шықпағандар да қарасы мол болды. Үш мекеменің әрқайсысынан 10 адамнан, жалпы үш топта 30 адам қатысты. Олар Маңғыстау локомотив пайдалану және вагон деполары мен Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының теміржолшылары еді.
– Мерейтойлық эстафета тек спорттық жарыс емес, қатысушылар үшін есте қаларлықтай ерекше қызық өткенін атап өткім келеді. Әр топ бір-бірін барынша қолдап, бір-біріне көмектесіп, қатардан қалдырмауға тырысты. Командалардың жалпы көрсеткіші бойынша Маңғыстау вагон пайдалану депосының ұжымы – бірінші, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы – екінші, Маңғыстау локомотив депосының теміржолшылары үшінші орынды алды. Үшеуіне де кәсіподақ ұйымының атынан кубок, грамота және ақшалай сыйлық табысталды, –дейді Сала кәсіподағының Маңғыстау жол бөлімшесі бойынша әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі сарапшысы Гүлмира Ізтұрғанова.
Шахида Жұман, Маңғыстау
Суретті түсірген автор