Вы сейчас просматриваете Қашағанға қызмет көрсетеді

Қашағанға қызмет көрсетеді

  • Рубрика записи:Новости

Қарабатан станциясы бұрын бес-ақ адам жұмыс жасаған шағын ғана разъезд болатын. Сол маңда «Болашақ» зауыты ашылып, станцияның бағы ашылды. Яғни Қашаған кен орнынан келген мұнайды өңдейтін зауыттың салынуына байланысты станция ауқымы кеңейіп, жұмыс күрт артты.

Станция ғимараты жаңадан салынып, жұмыс орындары ашылып, бүгінде 40 шақты теміржолшы еңбек ететін станцияда қызметкерлерге жұмыс жасауға қолайлы жағдай жасалған. Оның ішінде станция кезекшілері, пойыз құрастырушылар, жүк кассирлері, тасымалдау құжаттарын өңдеу операторлары, жүк-багаж қабылдаушы және т.б. мамандар бар.

Қазіргі уақытта 11 жол торабы бар және 2 зауыттың әрқайсысына кірме жол тартылған станция толық жарақтандырылған, СОБ, КТСМ құрылғылары ақаусыз жұмыс жасауда. Жолдар жарық шамдармен, ал белгі берушілер, пойыз құрастырушылар сөйлесу құралдарымен қамтылған. Гүлжамал Таженова ширек ғасырға жуық уақыт осы Қарабатан станциясында станция кезекшісі болып жұмыс жасайды. 1964 жылы осы ауылда теміржолшы отбасында дүниеге келген Гүлжамал мектеп бітірген соң Гурьев темір жол техникумына түседі. Бітірген соң еңбек жолын Атырау жол дистанциясында жол технигі болып бастайды. Жолшылардың жұмысы ол кезде күні-түні жалғаса беретін.

Гүлжамал да уақытпен санаспай жұмыс жасауға үйренеді. Әкесі Еділбай жол монтері болып, анасы Қанжан бағыттама бұрмашы болып зейнетке шыққанға дейін қызмет еткен үлкен ұжымда еңбек ету қиын да қызықты болды, жұмысшылардың еңбек сағаттарын жазады, үнемі бірге жүреді. Өндірістен қол үзбей Атырау политехникалық институтын сырттай оқып бітіреді. 1989 жылы Қарабатан станциясына кезекші болып ауысып, міне содан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.

Зауыт құрылысы басталған сәттен бастап біздің Қарабатан станциясының жұмысы қайнап сала берді. Зауыт құрылысына 20 мыңнан астам адам қатысты, 56 000 тонна металл құрастырмалар, шикі және тауарлы мұнайды, сондай-ақ газды сақтайтын резервуарлардың 7 700 тонна құрыш құрастырмалары монтаждалды. Бұдан басқа әкімшілік ғимарат, жатақхана, асхана, т.б. көптеген нысандар салынды. Соған қажетті материалдың бәрі әрине пойызбен тасымалданып, станцияға толассыз жеткізіліп жатты. Зауыт толық қуатымен жұмысын бастаған 2017 жылдың қазан айынан бастап станция арқылы алыс шет елдерге вагондар арқылы күкірт тасымалдана бастады. Күні бүгінге дейін Кавказ, Ресей теміржолдары арқылы жөнелтілуде. Қазіргі уақытта күніне 60 вагон күкірт тиеліп-жөнелтіледі, – дейді осындай жұмысы қауырт та күрделі станция кезекшісі Гүлжамал Еділбайқызы.

Күні кеше Көлік қызметкерлері мерекесіне орай елордада өткен салтанатты шарада Қарабатанның тәжірибелі станция кезекшісі Гүлжамал Таженова «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды.