You are currently viewing Өңір теміржолшыларының өз алаңы бар

Өңір теміржолшыларының өз алаңы бар

  • Post category:Новости

Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту. Теміржол саласында бұл бағытта жақсы үрдіс қалыптасқан. Қай өңірде де теміржолшылар арасында түрлі спорттық шаралар, жарыстар, марафон, велошеру, т.б. жиі өтіп тұрады.
Өткен жұма күні Атырау қаласында жаңа жазғы спорт алаңы ашылып, өлке теміржолшыларына тамаша сый жасалды. Былтыр осындай футбол алаңы Мақатта ашылған болатын. Енді міне, атыраулықтарға да кезек жетті.
Өңір темір жолына қарасты барлық құрылымдық бөлімшелер қала басында шоғырланған. Бірақ бұған дейін олардың спорттық шараларын өткізетін арнайы ойын алаңы болмады. Қысы-жазы қалалық спорт кешендерін жалға алып жүретін. Енді ол олқылық жойылып, өлке теміржолшыларының өз алаңы пайда болды. Ол Атырау локомотив пайдалану депосының ат шаптырым кең ауласында салынды.
Әрине, бұл жерде кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі үлкен қозғау болғанын айта кету керек. Спорт алаңының ашылу салтанатына «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Ғ.Несіпбаев, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» филиалы кәсіподақ төрағасы Е.Төлегенов, Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы А.Базарғалиев, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда теміржол бөлімшелерінің кәсіподақ төрағалары, өңір кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен теміржолшылар қатысты.
– Бүгін аймақ теміржолшылары үшін қуанышты күн. Көптен айтылып, көкейде қатталып, көңілде жатталып қалған түйінді мәселе өз шешімін тапты – теміржол мекемесінің өз аумағында жазғы спорт алаңы пайдалануға берілді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аймақтағы теміржол мекемелері кәсіподақтарының «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлескен әрекеті арқасында нәтижеге қол жеткізілді. Жаңа спорт алаңы құтты болсын, игіліктеріңізге пайдаланыңыздар! – деп ақ тілегін арнады Ғафу Несіпбаев. Астаналық қонақ Ермек Төлегенов те жүрекжарды лебізін білдіріп, бес салқындатқыш, бес қысқатолқынды пеш, бес тоқшәйнек сыйға тартты.
Салтанатты түрде лента қиылып, спорт алаңы ресми түрде ашылып, қонақтар нысанды аралап, тамашалады. Айта кетерлігі, спорт алаңын салу біраз жылдардан бері әртүрлі деңгейде айтылып келе жатқан мәселе.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Атырау өкілдігінің өкілі Боранбай Камиевтің тыңғылықты жұмысы арқасында былтыр Орталық кәсіподақ кеңесінің қолдауымен өңір кәсіподақ ұйымдары бірігіп, алаң құрылысын салуға қаражат бөлді. «Салих А.Д.» мердігер мекемесі қараша айында құрылысты бастап, биыл сәуірде бітірді. Бірақ су тасқынына байланысты ашылуы кейінге шегерілген болатын.
Ұйымдастырушылар спорт алаңының ашылуына орай концерттік бағдарлама ұйымдастырып, көптің көңілін көтерді. Теміржол тарихынан қызықты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс шешкендерге сыйлықтар берілді. Сондай-ақ осы істің басы-қасында жүріп, белсенді жұмыс жасағандар қатарында НЖС кәсіподақ төрағасы М.Бисенғалиев, ПЧ-9 кәсіподақ төрайымы Эльмира Багитова, Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Б.Камиевке «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы О.Ахметбаевтың атынан «Алғыс хат» табысталды. Осы атаулы мерекеге орай және Қазақстан теміржолының 120 жылдығы аясында аталған алаңда екі күн бойына футбол лигасының іріктеу турнирі өтіп, оған аймақтағы теміржол мекемелерінен 12 команда қатысты. Барлық қонақтар футболдың ақырғы ойындарын тамашалады.
Ақтық финалға шыққан төрт команда ішінен Атырау локомотив депосының командасы жеңіске жетті.
Қонақтар сол күні Атырау вагон пайдалану депосында да болып, шағын фитнес-орталықтың ашылуына куә болды. Кәсіподақ атынан үстел теннисі, велотренажер, жүгіру тренажері, басқа да спорттық снарядтар тарту етілді. Депо аумағындағы бос жатқан жерге волейбол алаңын салу үшін орын белгіленіп, оған астаналық қонақтар символикалық түрде қада қақты. Келер жылы бұл жерде волейбол алаңы пайдалануға беріледі деген үміт бар.
Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Атырау
Суреттерді түсірген автор