Вы сейчас просматриваете Бейнеулік жолшыларға  тарту

Бейнеулік жолшыларға тарту

  • Рубрика записи:Новости

Теміржолшылардың санитарлық-тұрмыстық және еңбек жағдайын жақсарту мақсатында Бейнеу жол дистанциясына Қазақстан теміржолшылары кәсіподағының атынан 80 жиынтық төсек жабдығы жеткізілді.

Отыз жылдық мерейтойына орай кәсіподақтың өз мүшелеріне жасаған тартуы дистанцияның шалғайдан қатынап жұмыс істейтін жұмысшылары үшін жағымды жаңалық болды. Бейнеу жол дистанциясының кәсіподақ төрағасы Мұстафа Қожбановтың айтуынша, мұндай хабарды естіген дистанциялықтар дән риза. Себебі, Бейнеу-Тассай теміржол желісі іске қосылғалы жолдың алыстығына орай ары-бері қатынамай, жұмыс орнында апталап қалатын теміржолшылар көп. Сондықтан олар мақта салып сырып тіккен қалың матрас, көрпе-жастық, қаптайтын сейсептерімен су жаңа төсек жабдықтарына ие болып, қуанып жатыр.

– Салалық орталық кәсіп- одақ тарапынан беріліп жатқан мұндай көмекке алғысымыз зор. Өңірімізге әлеуметтік мәселелер бойынша комиссия келгенде құрамында Сала кәсіподағы төрағасы Оразғали Ахметбаевтің орынбасары Жұпарбек Сәбитов болған еді. Мекемеден 2015 жылдары берілген, ескіріп тозығы жеткен, санитарлық талаптарға жауап бермейтін төсек-орын жабдықтарын көріп, тиісті жерлерге жеткізген екен. Міне, Еңбек қорғау күні қарсаңында осындай тарту алып отырмыз. Бұған себепші болған барлық азаматқа, ұйым төрағасына көп рахмет! Енді бұл жабдықтарды жұмысшыларға үлестіреміз. Дистанциядан бірталай адам Бейнеу-Тассай аралығында салынған тұрғын үйлерде жатып жұмыс істейді. Соларға және бекеттерде қойылған модульдерде апта бойы тұрып жұмыс істейтіндерге алдымен таратылады. Жалпы, дистанция қажетін түгел қамтуға толық жетеді, – дейді Бейнеу жол дистанциясының кәсіподақ төрағасы Мұстафа Қожбанов.

Айтуынша, өткен жылы да Ақтөбедегі материалдық базадан төсек-орын жабдықтары берілген. Бірақ жасанды синтепон толтырылған төсектер тұрақты қолдануға бірқатар ыңғайсыздық тудырған. Дегенмен оларды да жол бойындағы жолшылар үйшігі, өткел кезекшісінің будкасы секілді орындарға таратып, қолданып жатқан көрінеді.

Шахида Жұман, Маңғыстау

Суретті түсірген автор