Вы сейчас просматриваете Орталық Азияның көлік кәсіподақтары ТХКБ аясындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Орталық Азияның көлік кәсіподақтары ТХКБ аясындағы ынтымақтастықты нығайтуда

11–12 тамыз күндері Астанада Орталық Азия көлік кәсіподақтары мен Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының (ITF/ХКҚФ) стратегиялық жиыны өтті.

Екі күнге созылған басқосудың мақсаты – ХКҚФ-ның Орталық Азиядағы ықпалын күшейту, ТХКБ немесе Орта дәліз бойындағы кәсіподақ ынтымақтастығы мен трансшекаралық үйлестіруді дамыту, лайықты еңбек жағдайларын, қауіпсіз әрі тұрақты теміржол көлігін ілгерілету, сондай-ақ өңірлік көлік-логистикалық жеткізу тізбегінде қызметкерлердің өкілдігін арттыру.

Алғашқы болып сөз алған ХКҚФ-ның жерүсті көлігі жөніндегі директоры Шон Сэйер стратегиялық жиынды өткізу үшін Қазақстанның таңдалу себептеріне тоқталды.

– Біріншіден, Қазақстан – әлемдегі алғашқы интеграцияланған халықаралық теміржол жүйелерінің бірі және жаһандық ХКҚФ отбасының аса маңызды мүшесі. Екіншіден, бұл – көлік саласына әлемдегі ең ірі инвестициялар тартылып жатқан Орталық Азия өңірі. Бұл – барлық елдер үшін басым бағыттардың бірі. Ал бүгін осындай маңызды жиында Еуразияның түкпір-түкпірінен – Еуропадан, Азиядан және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінен келген өкілдермен бірге бір үстел басында отырғанымыз зор құрмет дер едім. Бұл бүкіл әлемдегі көлік қызметкерлерінің ынтымағын көрсетеді, – деді Шон Сэйер.

Өз кезегінде «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев екі күндік жиынның қатысушылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгінгі кездесуге сіздердің қатысуларыңыз көлік саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік диалогты дамыту мәселелерінің аса маңызды екенін айқын көрсетеді. Дәл осындай халықаралық ынтымақтастықтың арқасында біз жаңа сын-қатерлерге бірлесе жауап бере аламыз. Бұл – көлік саласындағы өзгерістерге, қайта құрылымдауларға және көлік қызметкерлерінің мүдделеріне қатысты жаңа сын-қатерлер, – деді Оразғали Ахметбаев.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ағымдағы жағдай, ұйымдастырушылық басымдықтар, салалық міндеттер, өңірлік ынтымақтастық және шекаралық кәсіподақтардың жұмысын үйлестіруді нығайту перспективалары туралы ақпаратпен бөлісті.

Орталық Азияда ХКҚФ конгресінің шешімдерін іске асыру аясында жұмысшылардың құқықтары, теміржол қауіпсіздігі, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы мен жауапкершілік мәселелері күн тәртібіне шығарылды. Сонымен қатар өңірде ХКҚФ конгресінің басымдықтарын іске асыру мәселелері таныстырылып, талқыланды.

ЕФТ теміржол көлігі секциясының төрағасы Герхард Таунхер қазіргі халықаралық жағдайдағы кәсіподақтардың өзара іс-қимылының маңыздылығына тоқталды.

– Ең алдымен біз бір-бірімізді түсіне алуымыз керек. Әсіресе қазіргі күрделі халықаралық жағдай мен қақтығыстар аясында бірқатар мәселелерді шешу оңай емес. Қазір дүниежүзіндегі кәсіподақтар да, олардың жұмыс істеу жағдайлары да айтарлықтай өзгерді. Десе де, біз бір-біріміздің алдымызда ортақ жауапкершілік арқалаймыз. Қазақстанға белгілі бір деңгейде қызығушылықпен қараймын. Егер сіздердің экономикаларыңыз шамамен 6% өсіп жатса, Еуропадағы жағдай әлдеқайда күрделі. Экономикалық өзгерістер құжаттарға да, көлік саласы қызметкерлерінің жағдайына да тікелей әсер етеді. Біз үшін Қытаймен және Ресеймен байланысты өңірлік өзара іс-қимылды терең түсіну өте маңызды. Өйткені қазіргі көлік және логистикалық үдерістер дәл осы бағыттардан бастау алады. Ынтымақтастық технологиялар, стандарттар және көлік жүйелерінің болашағы туралы ортақ мүдделерге негізделуі тиіс. Халықаралық үрдістерге қарасақ, Қазақстан теміржол саласында барған сайын маңызды бағдарға айналып келеді. Ол Еуропаның неміс тілді теміржол елдері үшін де назар аударарлық тәжірибе ретінде қарастырыла бастады, – деді Герхард Таунхер.

Жаңа технологиялар жүк тасымалы саласында, әсіресе ТХКБ секілді жаңа жеткізу тізбектерінде сыналмақ. Алайда олардың жұмысшыларға, жолаушыларға және экономикаға пайда әкелуін қамтамасыз ету аса маңызды.

Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының бас хатшысы Стивен Коттон кәсіподақтарды күшейту және жаңа технологиялардың еңбек нарығына әсері жағдайында жұмысшылардың мүдделерін қорғау мәселелеріне назар аударды.

– Жеткізу тізбектері барған сайын интеграцияланып келеді. Бүгінгі таңда көлік саласындағы еңбекті мүмкіндігінше төмен құнмен ұйымдастыруға ұмтылыс күшейіп келеді. Ол қосалқы мердігерлік арқылы да, еңбек стандарттарын әлсірету арқылы да көрінуі мүмкін. Әлемнің өзгеруі мен соңғы онжылдықтардағы тәжірибе бізге ешкімнің жалғыз өзі табысқа жете алмайтынын көрсетті. Негізгі сұрақ – кәсіподақтарды қалай күшейтеміз? Кәсіподақ жетекшілерінің әлемдегі технологиялық өзгерістерден хабардар болуын қалай қамтамасыз етеміз? Жаңа технологиялар еңбек нарығына әсер еткенде жұмысшылардың мүддесін қалай қорғаймыз? Бүгін біз әлемнің түкпір-түкпірінен – Еуропадан, Азиядан және басқа да өңірлерден келген достарымыздың ынтымақтастық үнін естіп отырмыз. Біз алдағы жылдары сіздердің табыстарыңызға өз үлесімізді қоспақ ойдамыз. Сондықтан мен ерекше мән беріп отырған мәселелердің бірі – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа елдердің өзара пікір алмасуына мүмкіндік беретін желі құру. Олар қандай қиындықтарға тап болып отырғанын және ITF пен ETF оларға қалай көмектесе алатынын ашық талқылай алуы керек, – деді Стивен Коттон.

ХКҚФ бас хатшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, сондай-ақ АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы геосаяси текетірес осы мемлекеттердің арасында орналасқан елдерге де әсер етіп отырғанын атап өтті.

– Транскаспий дәлізі сауданың үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді. Ал ХКҚФ үшін экономикалардың өсуі маңызды, өйткені бұл біздің мүшелеріміздің жалақысының артуына ықпал етеді. Шекарааралық сауда осы тұрғыдан өте маңызды. Сондықтан бұл дәліз біз үшін айрықша маңызға ие. Біз бүкіл өңірдегі кәсіподақтармен берік ынтымақтастық орнатқымыз келеді: жиі кездесіп, бірлесіп жұмыс істеп, кәсіби дағдыларымызды дамытып, ортақ сын-қатерлерді тереңірек түсінуді көздейміз, – деді Стивен Коттон.

«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев Орта дәліз немесе ТХКБ-ның Қазақстан үшін маңызы зор екенін жеткізді. Ол Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан Қазақстан, Грузия және дәліз бойындағы басқа да елдер оның инфрақұрылымын жақсартуға қомақты қаражат бөліп отыр.

– Жүк тасымалының көлемі артып жатыр. Әрине, бұл дәлізде біздің қызметкерлеріміз, кәсіподақ мүшелері жұмыс істейтіндіктен, біз де осы мәселелермен белсенді түрде айналыса бастадық. Жұмыс көлемі көбейсе, теміржолшыларға түсетін жүктеме де артады. Сондықтан біз бұл жерде ортақ тактика мен жұмыс тәсілдерін, сондай-ақ осы мәселелерге қатысты бірыңғай талаптарды қалыптастырғымыз келеді. Өйткені жаңа технологиялар енгізілуде, кадрларды қысқарту, кадрларды оқыту, қызмет көрсетуші компаниялардағы персонал санын арттыру сияқты мәселелер туындап отыр. Демек, кәсіподақтар бұл үдерістерге міндетті түрде тартылуы тиіс. Екінші маңызды мәселе – әлеуметтік құрамдас бөлік. Бұл – ең алдымен жалақы, еңбекті қорғау және еңбек жағдайлары. Біз айтқандай, жүктеме өссе, соған сәйкес осы еңбектің басқа да құрамдас бөліктері де жақсаруы қажет. Осыған орай екі күн ішінде біз аталған мәселелерді, дәліздің маңызын және өзара іс-қимылымыздың маңызын талқыладық, – деді Оразғали Ахметбаев.

ХКҚФ (ITF) теміржол бағыты жөніндегі жетекшісі Дениз Акдоган Астанада өткен кездесу Транскаспий дәлізі мен Орталық Азия елдерінің теміржол кәсіподақтарын біріктіріп, саланың және ең алдымен теміржолшылардың болашағын талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Бұл кездесудің маңызын қатысушылардың жоғары деңгейі мен кең өңірлік құрамы айрықша арттыра түсті. Еуропа, Орталық Азия және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінен келген теміржол кәсіподақтарының жетекшілері мен өкілдері Транскаспий дәлізінің болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін бір алаңға жиналды. Бұл осындай ауқымды кәсіподақ өкілдерін Транскаспий дәлізінің келешегі төңірегінде алғаш рет тоғыстырған кездесу болды. Транскаспий дәлізі қарқынды дамып келеді: жаңа инвестициялар тартылуда, инфрақұрылым жаңғыртылуда, жүк тасымалының көлемі өсуде. Алайда тұрақты даму лайықты еңбек жағдайымен, қауіпсіздіктің жоғары стандарттарымен, кәсіподақ құқықтарының сақталуымен, сапалы кәсіби даярлықпен және тиімді әлеуметтік диалогпен қатар жүруі тиіс. Дәліздің болашағын қалыптастыруда жұмысшылардың үні естілуі қажет. Сондықтан дәліз бойындағы теміржол кәсіподақтарының ынтымақтастығын нығайту ерекше маңызды, – деді Дениз Акдоган.

Халықаралық басқосу аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Инновациялық орталығында ҚТЖ-ның еншілес компаниялары ТХКБ қызметін таныстырып, ұлттық компанияның осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары, қол жеткізген жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Екі күндік жиын қорытындысы бойынша Орталық Азия көлік кәсіподақтарының көшбасшылары 2026–2029 жылдарға арналған жұмыс жоспарын әзірлеп, келісті.

Жоспарға сәйкес, Орталық Азиядағы кәсіподақтар мен үлестес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту және ITF/ХКҚФ пен ETF тарапынан көрсетілетін қолдауды күшейту мақсатында субөңірлік желі құру көзделген.

Сонымен қатар Орталық Азия өңіріндегі ТХКБ және басқа да халықаралық инфрақұрылымдық жобаларды зерттеу және салалық карталау жұмыстары жүргізілмек.

Бұдан бөлек, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) стандарттарын енгізуге ерекше назар аударылады. Орталық Азияға салынатын инвестициялар әсер ететін теміржол және өзге де бейінді көлік секторларында қолдануға болатын ХЕҰ құралдарын, оның ішінде жұмыскерлердің әл-ауқаты мен әлеуметтік қорғалуы мәселелерін қамтитын стратегиялық жоспар мен тұжырымдама әзірлеу келісілді.