Елордада «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ ұйымдастыруымен әйелдерді дамытуға арналған корпоративтік форум өтті. Екі күндік іс-шараның мақсаты – теміржол саласында еңбек ететін әйел қызметкерлерге психологиялық қолдау көрсету және эмоционалдық күйзелістің алдын алу. Форумға ел теміржолында түрлі қызмет атқаратын 40-қа жуық әйел қатысты.
Жиынды «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Ол түрлі деңгейдегі басшылық қызметтегі әйелдерден бастап инженерлер, техниктер, электромонтерлер, механиктер, диспетчерлер, қаржы-есеп мамандары мен сарапшылар қатысқан басқосудың мазмұнды өтетініне сенім білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарлама тұжырымдамасының негізінде эмоционалдық әл-ауқатты нығайтудың заманауи тәсілдері және әйелдің ішкі тұрақтылығын қалыптастыратын құндылықтар жатыр. Олардың қатарында эмоционалдық тұрақтылық, ішкі ресурстар, энергия мен тепе-теңдік және болашақ технологиялары бар.
Форумның бірінші күні эмоционалдық тұрақтылық пен ішкі ресурстар тақырыбына арналды. Тренерлер қазіргі әйел өміріндегі сын-қатерлер және олардың эмоционалдық жағдайға әсері, эмоционалдық интеллект, саналылық пен эмоционалдық икемділік, психологиялық күй және ішкі тұрақтылықтың негіздері туралы түсіндірді.



Практикалық сессия барысында қатысушылар жеке энергия көздері мен эмоционалдық триггерлерді анықтау, эмоционалдық өзін-өзі реттеу, ішкі ресурстарды қалпына келтіру және эмоционалдық тепе-теңдікті сақтау бойынша жұмыс жүргізді. Сонымен қатар өмірлік энергияны басқару, жеке ресурстар мен қалпына келу факторларын анықтау мәселелері қарастырылды.
Форумның екінші күні «Шабыт. Болашақ технологиялары және шығармашылық арқылы қалпына келу» тақырыбына арналды. Қатысушылар ALEM.AI халықаралық ЖИ орталығына барып, заманауи технологиялармен және әлемдік цифрлық трендтермен танысты. Сондай-ақ жасанды интеллектіні кәсіби қызметте, білім алуда және күнделікті өмірде пайдалану мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Бұдан кейін шығармашылық шеберлік сабақтары өткізілді.


«Теміржолда 23 жылдан бері жұмыс істеймін. Әйелдер үшін мұндай іс-шаралардың ерекше маңызы бар екенін атап өткім келеді. Бүгінде жұмыс істейтін әйелдер көптеген міндетті қатар атқарады, яғни отбасын да, жұмысын да бірге алып жүреді. Сондықтан уақытында тоқтап, күш-қуатты қалпына келтіріп, эмоционалдық тепе-теңдікті сақтауды үйрену өте маңызды. Бұл форум бізге жаңа білім алуға ғана емес, өзімізді, ішкі ресурстарымызды жақсы түсінуге, стрессті жеңуге және бір-бірімізді қолдауға мүмкіндік берді», – дейді «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Павлодар филиалы кәсіподақ комитетінің және Әйелдер істері жөніндегі кәсіподақ комиссиясының төрайымы Айгүл Махметова.
Форум соңында екі күннің негізгі нәтижелері қорытындыланып, қатысушылар алған әсерлерімен бөлісті. Барлық қатысушыға сертификаттар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді. Екі күндік іс-шара әйелдердің білім көкжиегін кеңейтіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
