Вы сейчас просматриваете Жамбылда Кәсіподақтар күніне орай боулингтен жарыс өтті

Жамбылда Кәсіподақтар күніне орай боулингтен жарыс өтті

«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының ұйымдастыруымен 10 қазан – Кәсіподақтар күніне орай бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділері арасында боулингтен жарыс өтті.

Спорттық іс-шараға қатысушылар жеребе бойынша төрт топқа бөлініп, өзара бақ сынасты. Жарыс барысында кәсіподақ белсенділері тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген ұмтылыстарын танытты. Боулинг ойынының ерекшелігіне сәйкес қатысушылардың нәтижелері шарды лақтыру дәлдігіне байланысты анықталып, ұпайлар автоматты компьютерлік жүйе арқылы есептелді.

«Қазтеміржолкәсіп» қоғамдық бірлестігі Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев мұндай іс-шаралардың ұжымдық бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

– Филиал бойынша 19 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Осы мекемелерде еңбек ететін қызметкерлердің міндеттері әртүрлі болғанымен, кәсіподақтардың мақсаты ортақ. Командалық жарыстар ұжымдық ауызбіршілікті нығайтып, әлеуметтік көңіл күйді арттыруға ықпал етеді. Сондықтан кәсіби мерекеге арналған іс-шараны еркін демалыс форматында ұйымдастыруды жөн көрдік. Еңбек адамдарының құқықтарын қорғайтын кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділерінің де белсенді демалыс өткізуге құқығы бар, – деді Ерболат Жидебаев.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға кубоктар мен медальдар табысталды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға достық әзіл ретінде қызықты жеке номинациялар ұсынып, арнайы дипломдармен марапаттады. Сондай-ақ әр ойыншыға естелік сыйлықтар берілді.

Кәсіподақтар күніне орай еңбек ардагерлеріне, кәсіподақ белсенділеріне және теміржол саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Атап айтқанда, филиалдың бас бухгалтері Гүлсайран Коркмазова Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

ПЧ-51 Жамбыл жол дистанциясы кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Әбдірайымова «Еңбек озаты» медаліне ие болды.

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Наурызбаев Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен, ал Жамбыл вагон пайдалану депосы кәсіподақ ұйымының төрағасы Жетпісбай Қарабеков Алғыс хатпен марапатталды.

Сонымен қатар жеті кәсіподақ белсендісіне Жамбыл филиалының Құрмет грамотасы табысталды.

Ерболат Жидебаевтың айтуынша, Кәсіподақтар күніне орай филиал бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділері еңбектерін ынталандыру мақсатында түрлі марапаттарға ұсынылған. Сондай-ақ барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында мерекелік іс-шаралар өткізілген.