Кәсіподақтар күніне орай «Қазтеміржолкәсіп» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жыл басынан бері атқарған жұмыстары сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Сондай-ақ кәсіподақ қызметіне белсенді қатысып, ұйымның дамуына үлес қосқан азаматтар түрлі марапаттарға ие болды.
Жиын барысында кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары талқыланып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.
Филиал төрағасы Бауыржан Ахметов кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмысын күшейту қажеттігіне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру, өткізілген іс-шаралардың сапалы фото және бейнематериалдарын дер кезінде жолдау, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалу барысы мен нәтижелері туралы нақты ақпарат ұсыну мәселелеріне назар аударды.
Сонымен қатар жиында еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс орындарындағы жағдайды зерделеу, ұжымдық шарт талаптарын қызметкерлерге түсіндіру және теміржолшылар арасында спорттық-сауықтыру іс-шараларын тұрақты ұйымдастыру міндеттері талқыланды. Қаржылық және ақпараттық есептерді белгіленген мерзімде толық тапсыру қажеттігі де атап өтілді.
Кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары өз ұсыныстарын ортаға салды.
Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерсайын Сұлтанов спорттық жарыстарға қатысатын құрама командаларды жасақтау кезінде бір ғана станцияның қызметкерлерімен шектелмей, барлық станциялардан теміржолшыларды іріктеуге басымдық беру жөнінде ұсыныс білдірді.
Ал Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Махмутова атаулы күндерге арналған іс-шараларды бірізділікке келтіру қажеттігін атап өтті.
Жиынға қатысушылар кәсіподақ қызметін жетілдіру, жоспарланған іс-шаралардың орындалуын бақылау және еңбек ұжымдарындағы белсенділікті арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Басқосу соңында кәсіподақ қызметіне белсенді қатысып, ұйымның дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.
Атап айтқанда, бірқатар кәсіподақ белсендісі «Қазтеміржолкәсіп» қоғамдық бірлестігінің төрағасы О. Ахметбаевтың Құрмет грамотасымен және «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен марапатталды.
