Вы сейчас просматриваете Кәсіподақтар күніне орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері марапатталды

Кәсіподақтар күніне орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері марапатталды

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігінің «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалында кәсіподақ жұмысына белсенді қатысып, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып жүрген қызметкерлер марапатталды.

2019 жылдан бастап 10 қазан Қазақстан кәсіподақтары күні ретінде ресми бекітілген. Осы атаулы мереке қарсаңында ҚТЖ бас ғимаратындағы музейде салтанатты жиын өтті.

Мерекелік басқосуда «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігінің Астана торабы филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев пен кәсіподақ филиалының төрайымы Ельнара Әкімбайқы теміржолшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттарын табыстады.

Филиал бойынша 13 қызметкер «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен, бес кәсіподақ өкілі «ҚТЖ атаулы сағатымен», тағы бес қызметкер Алғыс хатпен марапатталды.

Марапат иелері жазғы кезеңде балалардың сауықтыру лагерлеріне барып-қайтуын ұйымдастыруға, Stadler вагонындағы тестілік іссапарға қатысуға, сондай-ақ өздерінің қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен орындап, кәсіподақ жұмысына белсенді атсалысуға қосқан үлестері үшін таңдалған.

Жиында сөз сөйлеген Серік Сәрсекеев кәсіподақ қозғалысының тарихына тоқталып, ұйымның дамуына үлес қосып жүрген белсенді қызметкерлердің еңбегін атап өтті.

– Біздің кәсіподақтың 120 жылдан астам тарихы бар. Ол еліміздегі кәсіподақ қозғалысының бастауында тұрған ұйымдардың бірі. Осындай байырғы тарихи ұйымның ісін жалғастыру – әрбіріміз үшін мақтаныш. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, қызметтік міндеттерін адал атқаратын сіздер сияқты азаматтардың арқасында кәсіподақ ісі алға басып, абыройы арта түсуде, – деді Серік Сәрсекеев.

Марапатталған қызметкерлердің қатарында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Нұрлы жол вокзалындағы билет кассирі Райхан Мамбеталина да бар. Ол – осы салада 21 жылдық тәжірибесі бар маман.

Райхан Мамбеталина кәсіподақ ұйымымен бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталып, көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.

– Кәсіподақпен әлеуметтік серіктестік аясында жұмыс істеп, ұйым мүшесі ретінде оның қызметінің дамуына атсалысу – біз үшін қызметтік міндет. Билет кассирі ретінде жаз мезгілінде балалардың лагерьге топ болып баруын ұйымдастырып, олардың жол құжаттарын рәсімдеу бағытында көп жұмыс атқардық. Осы еңбегімізді бағалап, Кәсіподақтар күніне орай марапаттап жатқан басшылық пен кәсіподақ ұйымына алғыс айтамын, – деді Райхан Мамбеталина.