Вы сейчас просматриваете Семейде Қазақстан мен Ресей кәсіподақтарының ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды

Семейде Қазақстан мен Ресей кәсіподақтарының ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды

Жуырда Семей теміржолында қазақстандық және ресейлік әріптестердің қатысуымен салалық кәсіподақ қызметін нығайтуға, шекара маңындағы өзара іс-қимылды дамытуға және ынтымақтастықты кеңейтуге арналған кездесу өтті.

Басқосудың негізгі мақсаты – «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ мен «Роспрофжел» ҚБ арасындағы 2026 жылға арналған практикалық іс-шаралардың Жол картасына сәйкес екіжақты кездесу өткізу және өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау.

Жиынға «РЖД» ААҚ Батыс Сібір темір жолы кәсіподағының, «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Павлодар филиалының, Семей және Өскемен өкілдіктерінің өкілдері қатысты.

Сапар барысында Николай Лукашов бастаған ресейлік делегация бөлімше басшылығымен жүздесті. Сонымен қатар делегация мүшелері «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұловпен және жергілікті кәсіподақ белсенділерімен кездесті.

Кездесуде тараптар шекара маңындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандум аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Қазақстандық және ресейлік кәсіподақ өкілдері өзара тәжірибе алмасып, алдағы ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір бөлісті.

Сондай-ақ сапар аясында ресейлік делегация Есен Қажығұловпен бірге Абай облысы Кәсіподақтар орталығына барды.

Орталық төрағасы Қуаныш Сүлейменов өткізген кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдегі кәсіподақ ұйымдарының құрылымы мен қызметі, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақ қозғалысын бірлесіп нығайту мәселелері қаралды.

Ашық әрі сындарлы диалог форматында өткен кездесуде тараптар қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өзара әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесудің маңызды қорытындысы – әріптестік қатынастарды нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты түрде қол қойылуы болды.

Қазақстан мен Ресей кәсіподақтары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған әріптестік байланыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.