You are currently viewing Бопайда футбол алаңы ашылды

Бопайда футбол алаңы ашылды

  • Post category:Новости

Бопай – Өзеннен Болашаққа тартылған теміржол бойындағы шағын станция. Тек теміржолшылар тұратын шалғайдағы бекетте әлеуметтік нысандар жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтырып, жап-жасыл төсенішпен бүркелген су жаңа футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді.

Ауылда медпункт пен шағын дүкеннен басқа әлеуметтік нысан болмағандықтан спорттық алаңның салынғанына барша бопайлықтар қуанышты, әсіресе көшені шаңғытып доп теуіп жүретін балалардың қуанышында шек жоқ. Спорт алаңқайының қажеттігі туралы мәселе көтерілгеніне көп болған. Міне, станция бастығының бастамасымен оң шешімін тауып отыр.

Алаңның аумағы 30/18 метр. Ол ауылдың шетінде, электр жүйелері мен жер асты құбырлары, басқа да жүйелерден алшаққа, қауіпсіз жерге салынған.

– Бұл – жұмыстан кейін теміржолшылардың тынығып, шынығуына зор мүмкіндік. Көпшіліктің сұранысы бойынша Болашақ ауылының, ауданның әкімдіктеріне хабарласып, ұсыныс берген едік. Әкімдіктер де қолдады. Нәтижесінде жаңаөзендік кәсіпкер Гафур Сабыровтың демеушілігімен өткен наурыз айында құрылысы басталып, бір айда бітті. Жалпы, спорт алаңын саламыз дегенімізге екі жылдай болып қалған еді. Пандемия басталып кетіп, шаруа кейінге шегерілді. Сәті енді түсіп, мінекей, нысан тұрғындар игілігіне беріліп жатыр. Жаңалыққа әсіресе балаларымыз қуануда. Құрылысы басталғаннан сол жерде, айналшықтап шықпайды. Қазір алаңның шеттерін сызу, белгілер орнату сияқты ұсақ-түйек шаруалары қалды. Одан соң алаңның айналасын абаттандырып, сәкілер қойып, адамдар тынығуға мүмкіндік жасау ойда бар. Тал-дарақ егіп, гүл отырғызып, ауылды көгалдандырамыз деп жоспарлаймыз, – дейді Бопай станциясының бастығы Мұратбай Оразов.

Бәрекелді, бопайлықтар! Кім білсін, бәлкім болашақта дәл осы алаңда доп тепкен балалар арасынан атақты футболшы шығар?!

Айсұлтан Арман, Маңғыстау

Суретті түсірген автор