Вы сейчас просматриваете Еңбек  ардагерін  құттықтады

Еңбек ардагерін құттықтады

  • Рубрика записи:Новости

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы мен ардагерлер кеңесінің өкілдері теміржол саласында 35 жыл тер төккен еңбек ардагері Алтынкүл Тұрғанбаеваны 80 жастық мерейтойымен құттықтады.

Өзін арнайы іздеп келіп, мерейтойымен құттықтаған әріптес іні-сіңлілеріне риза болған Алтынкүл әже «Менің жасыма жетіңдер!» деп батасын берді. Өткен күндерден сыр шерткен ардагер станцияда бағыттамашы болып бастап, кезекші жанындағы оператор, орталықтандырылған қосынның операторы болып жұмыс істеген жылдары барлығын қолмен атқарғандарын айтып, «бәрін техника жасайтын бүгінгі теміржолшылардың жұмысы рахат қой шіркін» деп тамсанды.

– Біздің кезімізде теміржолда жұмыс істеу оңай болмады. Кеңес дәуірі кезіңде МПС деген болды, ол Мәскеуден басқарып отырды. 1960 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін Қызылорда станциясында жұмыс істедім. Станциядағы 12 жолдың бойы вагонсыз бос тұрмайтын. Одан кейін салынған 4 жолдың да куәгері болдым. Бір тәулікте станциядан өтетін 60 шақты пойыздың құжаттарын журналға жазып отырамыз. Стрелкада бағыттама болатын, кілт салып сигналды ашу үшін әр постқа 12-14 шамды жағып қоямыз, ол құлап немесе сөніп қалмау керек. Міне, осындай жұмыстардың бәрін қолмен атқардық. Қазір технология дамыған заманда бәрі автоматтандырылған, кнопканы бассаң өздігінен жұмыс жасай беретін керемет заманда еңбек етіп жатқан жастар бақытты, – деді еңбек ардагері.

1975 жылы станцияның Құрмет тақтасына суреті ілінген Алтынкүл Тұрғанбаева үлгілі жұмысы үшін талай рет марапат пен бағалы сыйлыққа ие болған. Бүгінде 8 баладан тараған 30-40 немере-шөберенің ортасында қамсыз қарттық күндерін өткізіп отырған бақытты әже.

Сабырхан Сейілбекұлы, Қызылорда

Суретті түсірген автор