You are currently viewing Мереке теміржолшылар саябағында жалғасты

Мереке теміржолшылар саябағында жалғасты

  • Post category:Новости

Оңтүстіктік өрендер төл мерекесіне орай, ерекше сый-құрметке бөленді. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалының төрайымы Нағима Салықбаеваның бастамасымен, ұжым қызметкерлері Түркістан облысындағы теміржолшы отбасылардың балаларына арналған негізгі шараны Арыс қаласында өткізді.
Кең ауқымда ұйымластырылған балалар мерекесі Теміржолшылар саябағында күн ұзаққа жалғасты.
«Қазкөліккәсіп» Шымкент филиалы ұйымы мен қала әкімдігі бірлесіп өткізген мерекеде өнерпаз балалар ән айтып, асыр салып шаттыққа бөленді. Балалар мерекесін тамашалауға қала әкімі Г.Құрманбекова да арнайы қатысып, балалардың қуанышына ортақтасты. Ол бүлдіршіндерді төл мерекесімен құттықтап, мерекелік шараға ұйытқы болған теміржолшылар қауымына алғыс білдірді.
Бұқаралық серуен аясында өнерпаздар өнерлерін паш етіп, спорттық сайыстар мен көңілді ойындар ұйымдастырды. Сондай-ақ, бұл күні саябақтағы ойын алаңшалары мен түрлі батуттар, сан алуан аттракциондардың бәрі де жергілікті теміржолшылардың қолдауымен тегін қызмет көрсетті. Оған қоса кәсіподақ ұйымының бастамасымен 3 500 балмұздақтың тегін таратылуы балалар үшін зор қуаныш болды.
– Бүгін ерекше күн болып, балаларымыз зор шатыққа кенелді. Бүлдіршіндерге керемет көңіл-күй сыйлаған әріптестеріміз бен қала әкімдігіне және теміржолшыларға алғысымыз шексіз. Біздің жарқын болашағымызға айналатын жасөспірімдеріміз өсіп-өркендей берсін деп тілейміз, – деді «Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалының төрайымы Н.Салықбаева.
Мерекеде қыл қалам өнеріне бейім бүлдіршіндердің сурет көрмесі мен ойын-сауыққа негізделген қызықты эстафеталар да ұйымдастырылды. Тегін таратылған балмұздақтан дәм татқан балалар саябақ ішіндегі скэйт паркте ойнап, спорт алаңшаларында жаттығып, қара кешке дейін мәре-сәре күйге түсті.
Айта кетейік, осы күні Қазығұрт, Қорғасын, Қызылсай, Текесу, Түлкібас, Манкент станциясы мен жол бөлімшесінің орталық аппаратында жұмыс істейтін теміржолшылардың 180 баласы да тегін Шымкент қаласындағы циркке барып, қуанышқа кенелді. “Жүк тасымалы” ЖШС Шымкент филиалының кәсіподақ сарапшысы Төлеш Тайбасарқызы мен ұйым мүшесі Бақыт Жасаралұлы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жоспарлы іс-шараның ойдағыдай ұйымдастырылуына атсалысты.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Арыс