You are currently viewing ОҢТАЙЛАНДЫРУ – ҚАЖЕТТІ ШАРА

ОҢТАЙЛАНДЫРУ – ҚАЖЕТТІ ШАРА

  • Post category:Новости

Өткен аптаның соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы мен салалық кәсіподақ өкілдерінен құралған топ жамбылдық теміржолшылармен кездесті. Басқосуда жұмысшылардың тұрмыстық-әлеуметтік ахуалы жан-жақты сөз болды.

Теміржолшылардың сауалдарына компания мен кәсіподақтың жауапты мамандары егжей-тегжейлі жауап беріп, қазіргі қалыптасқан жағдайды түсіндірді. Жиынға қатысушылар ортақ мәселелерді бірлесе талқылап, ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды. Сала төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов кейбір мамандық иелерін ертерек зейнетке шығару мәселесі басшылықтың назарында екенін айтты. Осы бағытта нақты шаралар жобасы жасалып, Үкіметке жолданғанын жеткізді. Бұл жұмысшының бірыңғай зейнетақы қорындағы қаражатына тікелей байланысты. Ал қазіргі кезде 900-ден астам адам ерте зейнетке кеткен. «Компанияда артық жұмыс орындарын қысқартып, оңтайластыру шаралары жүріп жатыр. Қазіргі таңда Алматы қаласында бірнеше құрылым ірге қалауда. Сондықтан кейбір мамандарды басқа аймақтардан сонда жіберудеміз. Мұндай жағдайда теміржолшылардың көші-қонына барынша көмектесеміз. Басқа да тұрғын үй, коммуналдық төлем сынды проблемаларға түрлі жобалар аясында қол ұшын созуды көздеп отырмыз», – деді Жұпарбек Абзалбекұлы. Биыл жылдың басында теміржолшылардың айлық жалақылары – 10 пайызға, шілде айында 10 пайызға өскен болатын. Енді жақын арада мұндай қамқорлық танытуға компанияның шамасы жетпейтін көрінеді. Спикер компа нияда түсім бар екенін, бірақ құрылымды өсіру, ілгерілету шараларына қыруар ақша салуынуы қажет екенін жеткізді. «Жалпы, мынаны түсініп алған жөн. Мәселен, тарифтегі 100 теңгемен бір вагонды жөнелтетін болсақ, оның 10 пайызы біздің жалақымызға жұмсалады. Қалғаны өзге шығындарына кетеді. Ал тарифті көтеріп, жалақыны өсіретін болсақ, онда қоғамдағы өзге салаларда да қымбатшылық орын алады. Тасымал тарифі өскен соң, көмір қымбаттайды, көмір жылуды қымбаттатады, жылу коммуналдық төлемді арттырады… Айналып келгенде, өзіміздің қалтамызға ауыр соғады.

Жоғарыда айтқанымдай, компанияда ыңғайластыру, қысқарту шаралары жүріп жатыр. Мысалы, бірқатар мамандықтар біріктіріліп, екі адамның жұмысын бір адам атқаратын болады. Заңға сәйкес, жұмыстан қысқарған азамат компания есебінен үш ай өтемақы алады. Ал біз осы мерзімді алты айға дейін созып жатырмыз. Өйткені, алыс-жақын станциялардың, разъездердің босап қалған жұмысшыларына дереу арада «екі қолға бір күрек» таба қоюы қиын. Оны түсінеміз. Сондықтан осындай қадамға бардық», – деп түсіндірді Жұпарбек Сәбитов. Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ресей Федерациясының теміржол компаниясының еңбек өнімділігі мен біздікін салыстырды, теріскейдегі ахуал Қазақстаннан 2,5 есе жоғары, жалақы да 40 пайызға көп. Ал мамандарымыз- дың саны шамалас. Өйткені, бізде бір адамның жалақысын екі адам алып, жұмысын да бөліп істейді. Сондықтан оңтайландыру – қажетті және мәжбүрлі шара. Ол түрлі марапаттарға берілетін сыйақылардың еселеп өскенін де айтты. Демалыс- сауықтыру орындарына берілетін жолдаманы ұсыну тәртібінің өзгергенін жеткізді. Бұрын теміржолшылардың жыл сайын санаторий- лерге баруға мүмкіндігі болса, енді екі жылда бір рет қана жолдама беріледі. Ал компанияның корпоративтік сауалдар жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серік Кеуілімжаев теміржолдағы бүгінгі ахуал, соңғы жаңалықтарды ортаға салды. Техникалық қорды жаңарту мен жаңғыртудан бөлек жұмысшылардың ахуалы да назардан тыс қалмай, теміржолшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру үшін қарастырылып отырған мүмкіндіктерді сөз етті. Басқосуда Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Үмітбек Рысбеков те сөз алып, аймақ теміржолшыларының тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Күзгі бақылау нәтижесі, қысқа дайындық барысында Түркісіб, Шу, Тараз, өткен аптада ғана Жаңатас станцияларында кездесулер өткен.

Асхат РАЙҚҰЛ,

Жамбыл облысы