Вы сейчас просматриваете Отбасы жауапкершілігі жоғары

Отбасы жауапкершілігі жоғары

  • Рубрика записи:Новости

«Отан отбасынан басталады» демекші, отбасы тыныш, үй-күйінің жағдайы жақсы адамның ой-санасы да тұрақты, жұмысқа аударар ынтасы да жоғары болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан Маңғыстау локомотив депосында машинистердің отбасындағы тірегі анасымен не жұбайымен кездесу өткізу дәстүрге айналған.
Өйткені, қозғалыс қауіпсіздігіндегі басты тұлға локомотив бригадаларының өнімді жұмыс істеуіне отбасы жауапкершілі жоғары. Шаңырақтың сәні мен мәнін келтірер ақ жаулықтылардың түздегі ер азаматтардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасап отыр. Сондықтан, депо басшылығы жыл сайын әйелдері мен аналарын жинап, бұл бағытта пікірлесіп, ой бөліскенді жөн санайды.
Бұл жолғы кездесуде ақ жаулықтылармен кездескен Маңғыстау локомотив депосының бастығы Ғани Бисембаев пен депо кәсіподағы ұйымының төрағасы Әбілсейт Нәбиханов және заңгер мен кадр бастығы әйелдер қауымының ой-пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Локомотив бригадалары қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқаратындықтан олардың жұмысының жауапкершілігі жоғары екені, сондықтан оларға үйде жақсы демалып тынығуға жағдай жасау, сапарға кеткенде отбасылық дау-дамай, артық мәселемен қоңырау шалып уайымға салып алаңдатудың соңы қайғылы жағдайға ұшыратуы мүмкін екені түрлі мысалдармен жеткізілді.
– Машинистер мен көмекшілерінің сапар алдындағы демалысы өте маңызды. Физикалық және моральдық тұрғыда дұрыс тынығып, жаны тыныш, уайым-қайғысыз жақсы көңіл күйде шықса жұмысқа қабілеті де жоғары болады. Шаршап шалдығып, түрлі проблеманың жетегінде жүрген адамда ол керісінше болуы да мүмкін. Осыны отбасы мүшелеріне түсіндіріп, машинистердің сапар алдындағы жақсы тынығуын ұйымдастыру арқылы өздерінің де қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға атсалыса алатынын айттық. Сонымен қатар олардың күрделі отбасылық мәселелері болса бірігіп шешуге атсалысу бағытында ұйымдастырылған бұл жиын нәтижелі болды деп айтар едім, – дейді Маңғыстау локомотив депосы кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілсейт Нәбиханов.
Шахида Жұман