You are currently viewing СУЫҚБҰЛАҚТАН БАСТАЛҒАН ЧЕЛЛЕНДЖ

СУЫҚБҰЛАҚТАН БАСТАЛҒАН ЧЕЛЛЕНДЖ

  • Post category:Новости

Семей ЖТ бөлімшесінің директоры Владимир Бабиченконың өкімімен Халықаралық балаларды қорғау күніне орай түрлі іс-шаралар басталды.
Еңбек ұжымдарында эмоционалды-мерекелік көңіл күй қалыптастыруды мақсат еткен шаралар легін «Жас теміржолшы!» челленджі бастады. Балалар ата-аналарының рұқсатымен әрі көмегімен теміржолшы формасын киіп, желі бойындағы әкімшілік нысандарда түрлі кейіпте суретке түсіп, әлеуметтік желі арқылы жолдаулары керек. Челленджді
әуелгі кезекте Суықбұлақ станциясының теміржолшылары бастады.
Жексенбі күні теміржолшы формасын киген балақайлар станция ғимаратына келіп, аға-әпкелері, ата-аналары жұмыс істейтін орындармен танысты, суретке түсті. Балақайлар негізінен вагон қараушы, станция кезекшісі, жолшы, тіпті жолсерік болып киініпті. Ойын баласы болғандықтан барлығы да тез әсерленіп, өздерін нағыз теміржолшылар тәрізді ұстай білді.
Бұл жерде оларды станция басшысы, Жарма өңіріне әйгілі Тұрсынбековтер династиясының өкілі Ернұр Талғатұлы қарсы алып, теміржолшы кәсібінің әліппесімен таныстырды.
– Балалар мен олардың атааналары челленджге үлкен энтузиазммен дайындалды. Қысқа мерзім ішінде арнайы формалар да тігіп алды. Айта кетерлігі, бұл балдырғандардың арасында заманындағы Түрксіб құрылысын жүргізген даңқты династиялар өкілдері де бар. Балаларды арнайы әзірленген дастарханда тәттілермен сыйладық. Балақайлар келе жатқан мерекелерін айқын сезінді дей аламыз, – дейді Ернұр.
Аталған челленджді бір демде семейлік шаруашылық ревизорлары мен бөлімше қызметкерлері іліп әкетті. Ата-аналарымен бірге олардың жұмыс орындарына келуге мүмкіндік алғанына қуанған балдырғандар тіпті арнайы қауіпсіздік желетін киіп, бағыттамалы бұрмалар басында да суретке түсті.
Айта кетерлігі сол, барлық фотосуреттер жиналып, іріктеліп, ең көркем әрі мазмұнды шыққан суреттер «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің баспа өнімдерінде, яғни күнтізбелер мен түрлі плакаттарда, т.б. пайдаланылуы мүмкін.
Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Суретті түсірген автор