Вы сейчас просматриваете ТҮБЕК ТЕМІРЖОЛШЫЛАРЫНЫҢ БАЗЫНАСЫ БАР!

ТҮБЕК ТЕМІРЖОЛШЫЛАРЫНЫҢ БАЗЫНАСЫ БАР!

  • Рубрика записи:Новости

Маңғыстауға Астанадан арнайы келген «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов пен еңбек
қорғау инспекторы Қайрат Мұқанов түбек теміржолшыларымен кездесіп, олардың жұмыс жағдайымен, әлеуметтік
мәселелерімен танысты.

Орталық теміржолшылар кәсіби одағының Маңғыстаудағы өкілі Әзірбай Тұрмағанбетов келген меймандарды Бейнеу, Шетпе, Сай-Өтес станциясындағы теміржолшылармен кездесуге жағдай жасады. Сала жұмысшылары басқосуда әртүрлі мәселелер көтеріп, ұсыныс-пікірлер айтты. Өз кезегінде Жұпарбек Сәбитов теміржолшыларға 2023-2025 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың талап-шарттарымен таныстырды. Көкейде жүрген мәселелер болса, ортаға салуын айтты. Ресми кездесуден соң жұмыс орындарына барып, ондағы еңбек жағдайына қанықты. Сай-Өтес станциясында кейбір
жұмыс орындарында теміржолшылардың табельдік орын-жайы ескіргенін көріп, бұл мәселе ескерілетінін жеткізді.
– Компания басшылығына жасаған еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі осы жылғы қыркүйектегі өтініштеріңіз жұмыс беруші және кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен екіжақты талқыланды. Жұмыс беруші тарап барлық мәселе қаржыға тірелетінін, сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешу қиындық туғызатынын атап өтті. Бірақ еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған техникаларды жаңарту, жылыну будкаларын салу сияқты жұмыстар таяу уақытта басталатынын жеткізді. Өткен жолғы еңбек дауы мәселесі заңды түрде талқыланып, ішінара талаптарыңыз орындалды. Қойып отырған кейбір талаптарыңыз орынды. Дегенмен, барлық талаптың бір күнде шешіле қалуы мүмкін емес. Оларды шешу үшін Компания мамандары перспективалық жоспарлы жұмыстарды қарастырады, қатты шығынға батпау жолдарын іздейді. Яғни, өзгерістер енгізу – сатылап атқарылатын жұмыс, – деп еңбек дауына қатысты түсінік берді Жұпарбек Сәбитов.
Бейнеулік дистанция жұмысшылары атынан сөз алған А.Құлбаев: «Кәсіподақ басшыларымен кездесудегі мақсатымыз – Басқарма басшысына жеткізген талаптарымыз бен ойда жүрген басқа да мәселелерді Ұжымдық шартқа қосымша ретінде қосуға ықпал жасау», – деді.
Түбек теміржолшылары алға тартып отырған ұсыныс-талаптар ішінде елдімекеннен тыс жұмыс істейтіндерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету немесе қаржылай төлеу, кейбір мерекелерде арнайы сыйақы төлеу, ипотекалық тұрғын үй алуда компания қызметкерлері үшін жеңілдіктер жасалуына банктермен келісімшарт жасау, арнайы киімдердің сапасын жақсарту, баланың мектепке баруына орай кейбір санаттағы ата-аналарға берілетін 2АЕК мөлшерін көтеріп, соны 3 және одан көп бала деп шектемей, 1 баладан бастап беру, жаңажылдық сыйлықты барлық жұмысшыға беру, бірнеше баласы студент, айлық табысы жеткіліксіз отбасыларға қаржылай көмек қарастыру, еңбекақыны көтеру жөніндегі мәселелер бар екен.
Дистанцияның М.Қожбанов есімді тағы бір қызметкері еңбек жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. Ол арнайы киім, құрал-сайман, басқа да жұмысқа қажетті дүниелердің сапасын сынға алып, дистанция бойынша барлық учаскедегі табельдік орын-жай, қойма, гараждар қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілмегенін, қолданыстағылардың тозығы жеткенін алға тартты.

Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау

Суретті түсірген авто