You are currently viewing ТҮБЕКТІҢ ТАРЛАН ТЕМІРЖОЛШЫСЫ!

ТҮБЕКТІҢ ТАРЛАН ТЕМІРЖОЛШЫСЫ!

  • Post category:Новости

Бір мекемені отыз жылға жуық басқару үшін темірдей төзім мен адамдармен тіл табыса білетін талант және үлкен жауапкершілік болу керек шығар. Маңғыстау вагон пайдалану депосына осынша жыл басшылық етіп, абыроймен зейнетке шығып жатқан Сәрсенбай Есенқұловқа қарап осындай ой түйдік.

Қарапайым вагон жөндеушіден депо директорына дейін өскен Құрметті теміржолшы әріптестері арасында кәсіби біліктілігі мен басқарушылық қарым-қабілетінен бөлек азаматтық келбетімен де құрметке ие. Еңбектегі жетістіктері үшін 2004 жылы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, 2012 жылы «Құрметті теміржолшы» атағын алды. 2008 жылы салалық жарыста топ жарған ұжым басшысы ретінде «Үздік басшы» атанса, былтыр үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін тақты. 2007 жылы Мұнайлы аудандық мәслихаттың алғашқы шақырылымына депутат болып сайланып, 12 жыл бойы үш шақырылымында да халық сеніміне ие бола білген санаулы депутаттардың бірі болды. Сәрсенбай ағаның ата-анасы жолшы болған екен. 1976 жылы мектеп бітіре сала Бейнеудегі Атырау вагон пайдалану депосына қарасты техникалық қызмет көрсету пунктіне вагон жөндеуші болып орналасқан баласына әкесі ақ батасын беріпті. Әскерден келген соң Алматы теміржол институтына сырттай оқуға түсіп, жұмысын әрі қарай жалғастырады. Бірнеше жылдан соң шебер, сосын көп ұзамай ТҚКП басшысы болып тәжірибе жинады. 1992 жылы Маңғыстау вагон депосы бастығының Бейнеудегі орынбасары болып тағайындалды. Араға үш жыл салып Маңғыстау вагон депосының бастығы болып, зейнетке шыққанша абыройлы еңбек етті. Бүгінде өз ұлы да депода вагон қараушы болып еңбек жолын бастаған.
– Сәрсенбай Есенқұловты көп жылдан бері танимын. Депоға өрімдей жас кезінде келіп бүгінде бір буынның ұстазы болып отыр. Түбек теміржолына сіңірген еңбегі ерен, жұмысына берілген жан. Төрт жүзден астам адамның жұмысын үйлестіріп, вагон шаруашылығынан шашау шығармай, түбектен өтетін әрбір вагонның қауіпсіздігі үшін барын салды. Өндірісті басқаруда өзіндік ұстанымы бар, біліктілігі мен тәжірибесі ұштасқан теміржолшы. Сондықтан өз атымнан және барша Маңғыстау теміржолшылары атынан ол кісінің өлшеусіз еңбегіне алғыс айтып, шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – деді әріптесі жайлы оң пікір білдірген Маңғыстау қосалқы бөлімінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов.
С.Есенқұловтың Маңғыстау теміржолында қалдырған қолтаңбасы ерек. Бірге еңбек еткен замандастары мен әріптестерінің айтуынша, түбек теміржолымен өткен Гиннестің рекордына кірмей қалған аса ауқымды жүк тасымалын ұйымдастыруда вагон депосы басшысының есімі ерекше аталады. Алып жүкті тасымалдайтын жылжымалы құрам мен оның қауіпсіздігіне тікелей жауапты болды. Жаңа жолдардың салынуы, Өзен мен Болашақ, Бейнеу-Шалқар мен Бейнеу-Тассай аралықтарында вагон шаруашылығының қауіпсіздік бекеттерін ұйымдастыру жұмыстарындағы тапқырлығы, құрылғыларды жаңарту мен модернизациялаудағы еңбегі бір бөлек.
– Маңғыстау вагон депосының бір ерекшелігі – мемлекетаралық шекаралық түйіспе бекеттермен жұмыс істейміз. Өзбекстанмен арада Оазис станциясында, Болашақ станциясындағы Түркіменстанмен қабылдап алу пунктінен бөлек екі теңіз порты бар. Осы жерлерде халықаралық бағыттарға қатынайтын вагондарға қызмет көрсету өте қиын да күрделі жұмыс. Бірақ біз осы қиындық-кедергінің бәрін жойып, жұмысты үйлестіріп, жолға қоя білдік. Бұл – менің ең үлкен мақтанышым, – дейді зейнетке шығып жатқан түбектің тарлан теміржолшысы.

Источник

Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау

Суретті түсірген автор