Вы сейчас просматриваете Тағдыр тауқыметіне мойымаған жан

Тағдыр тауқыметіне мойымаған жан

  • Рубрика записи:Новости

Қостанай магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Арқалық жол дистанциясының зейнеткері Сабырхан Нұрпейісов қырық жылға жуық ғұмырын жол шаруашылығына арнаған. Оның балалық шағы зұлмат соғыспен тұспа-тұс келгендіктен, тағдыр тауқыметінің ащы дәмін бір кісідей-ақ татқан екен.

Үш жасқа толар-толмастан анасынан айырылып, әкесі соғысқа кеткен Сабырхан қарт әжесінің қолында қалып, бес жасында өзі құралыптас балалармен картоп жинауға көмектесіп, оны өгіз жеккен арбамен қоймаға тасыған екен. Алты-жеті жасында қойшының көмекшісі болып, күні бойы қой баққан кездері де болыпты. Кейіпкеріміздің теміржолдағы еңбек жолы 14 жасында басталыпты. Ол болат жол бойындағы шөпті жұлып, теміржолға қарасты үй-кеңселерді жөндеу, сылау, әктеу жұмыстарына қатысады.

«1944 жылы әкем соғыстан бір аяғынан айырылып, кеудесін снаряд жарықшағы тесіп өтіп, 1-топтағы мүгедек болып оралды. Ол фашистер басқыншылығынан Отанды қорғау үшін Ленинград түбіндегі қанды майданда шайқасты. «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған қайсар жан еді», – деп еске алады әкесін сексеннің үшеуіне келген Сабырхан ата.

Қостанай облысына қарасты Құсмұрын станциясында туып-өскен кейіпкеріміз мектеп бітіре сала үйленіп, жұбайы Балғаным екеуі жол дистанциясына жұмысқа тұрады. Қарапайым жолшы болып бастап, жол бригадирі, жол шебері, жол инженері, инженер-технологқа дейін көтеріледі. Жұмыс істей жүріп теміржол техникумын бітіріп алады. Бірде оны арнайы іздеп техникумда бірге оқыған жолдасы әрі Державинка жол дистанциясының бастығы Оразбай Айппаев келіп, оған өзінің мекемесінде аға жол шебері болып жұмыс істеуге ұсыныс жасайды. Сабырхан Уәлиұлы бұл ұсынысты қабыл алып, Державинка станциясына қоныс аударады. Жұбайы өткел кезекшісі болып жұмысқа тұрады.

«Қарап тұрсам, 40 жыл өмірім теміржолда өтіпті. Есіл-Державинск-Арқалық аралығындағы күрделі телімдерде қыруар жұмыс атқардық. Жол шаруашылығы – зейнетінен бейнеті көп сала. Қыстың бет қаритын үскірік аязында, жаздың аптап ыстығында жұмыс істеу қандай қиын екенін жол саласы мамандары жақсы біледі. Бірақ, бұл кәсібіме еш өкінген емеспін. Құдайға шүкір, қазір сол еңбектің жемісін көріп отырған жайымыз бар», – деген қарт теміржолшы 20 жыл өңірдегі ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған.

Оның айтуынша, бұл қызметтің де өзіндік жауапкершілігі, міндеті бар. Үй-үйді аралап, кімнің қандай мұқтажы барын білу, оны мекеме басшылығына жеткізіп, көмек көрсетуге ықпал ету – үлкен жұмыс.

«Теміржол компаниясы адам құндылығына басымдық береді. Теміржолшылардың қазіргі еңбек жағдайы біздің кезбен салыстырғанда өте жоғары. Зейнеткерлері де назардан тыс қалған емес. Әлеуметтік жағдайлары мен жеңілдіктері Ұжымдық шартта жазылған және ол мінсіз орындалуда. Тек еңбек ет те, міндет ет», – дейді Еңбек ардагері.

Сұлугүл БАКЕСОВА